Лента новостей

Семейдегі орталық алаң мен бірқатар нысандар жаңғыртылуда

орталық алаң, жаңа, абаттандыру

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы бірқатар құрылыс және абаттандыру нысандарын аралап, жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысты, деп хабарлайды Arnapress.kz облыс әкімдігі баспасөзіне сілтеме жасап. 

Алдымен аймақ басшысы қаланың орталық алаңына барып, қайта жаңғырту жобасын қарады. Жоба аясында алаң толық абаттандырылып, жаңа жасыл желектер отырғызылады, тұрғындардың демалысына қолайлы заманауи қоғамдық кеңістік қалыптастырылмақ. Сонымен қатар аумақта жаңа субұрқақ орнату жоспарланған.

Семей қаласының әкімі Әділет Қожанбаевтың айтуынша, жаңартылған орталық алаң биыл қыркүйек айында пайдалануға беріледі.

Облыс әкімі Берік Уәли алаңдағы жұмыстарға қатысты пікір білдіріп, жобаның маңызын атап өтті:

"Қаланың қақ ортасындағы бұл алаңға соңғы рет 2014 жылы жөндеу жүргізілген. Содан бері инфрақұрылым ескіріп, тозған. Енді біз оны заман талабына сай жаңартып, тұрғындарға қолайлы қоғамдық кеңістік ретінде қайта пайдалануға береміз", - деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар облыс әкімі Абай көшесі, 99 мекенжайында орналасқан көп жылдан бері жөндеу көрмеген әкімшілік ғимараттың жаңғырту жұмыстарын да тексерді. Қазіргі таңда ғимараттың қасбеті термопанельдермен қапталып, балкондары металл сайдингпен әрленуде. Терезе жиектері мен сәндік элементтер орнатылып, жарықдиодты шамдар негізінде заманауи жарықтандыру жүйесі жүргізілуде.

Аймақ басшысы ғимараттың тарихи және сәулеттік келбетін сақтай отырып, оны заманауи талаптарға сай жаңарту қажеттігін ерекше атап өтті.

Сонымен қатар қалада бірқатар көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін бірыңғай үлгіде жаңарту жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Бұл бастама қаланың сәулеттік келбетін жақсартып, бірізді әрі заманауи көрініс қалыптастыруға бағытталған.

Фото: Абай облысы әкімінің баспасөзі

Просмотров (169)
ТопДок 1