Лента новостей

Абай облысының агросаласы серпін алды: 250 млрд теңгелік жобалар іске асады

ауылшаруашылық, дамыту, Абай облысы

Абай облысында ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды Arnapress.kz әкімнің баспасөзіне сілтеме жасап. 

Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген жиында өңірдің агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері жан-жақты қаралды. Басқосуға басқарма басшылары мен департамент жетекшілері қатысып, аудан әкімдері бейнережим арқылы қосылды.

Жиында ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаев баяндама жасап, саладағы негізгі көрсеткіштер мен алдағы жоспарларды таныстырды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімін 2024-2028 жылдары екі есеге арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында өңірде жүйелі жұмыстар қолға алынған. Нәтижесінде, 2024 жылы Абай облысы Жол картасы көрсеткіштері бойынша республикада көш бастап, 2025 жылдың қорытындысында алғашқы үштікке енген.

Өсімдік шаруашылығы саласында егіс көлемі 789,3 мың гектарға жетіп, айтарлықтай ұлғайған. Майлы дақылдар алқабы 340,3 мың гектарды құрады. Көктемгі дала жұмыстарына «Кең дала» бағдарламасы арқылы 14 млрд теңге бөлініп, 700 жаңа ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған.

Сонымен қатар, өңірде ірі инвестициялық жобалар белсенді іске асуда. 2029 жылға дейін жалпы құны 112,5 млрд теңгені құрайтын 19 жоба жүзеге асырылады. Биылдың өзінде 6 жоба іске қосылып, 400-ден астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Оның ішінде "Агролидер KAZ" зауыты іске қосылды.

Қайта өңдеу саласында да ауқымды жобалар жоспарланған. Атап айтқанда, "Евразия Агро Семей" базасында ет комбинаты және "Qazaq Astyq Group" компаниясының күнбағыс майын өндіру жобасы жүзеге асырылады.

Жалпы, 2031 жылға дейін өңірде 254 млрд теңгеге 90 инвестициялық жоба іске асыру көзделген. Бұл жобалар ет және сүт өндірісін, құс шаруашылығын және суармалы егіншілікті дамытуға бағытталған. Нәтижесінде 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Қой шаруашылығын дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Алдағы жылдары 300 мың асыл тұқымды мал сатып алынып, бірнеше бордақылау алаңы іске қосылады.

Сонымен қатар, су ресурстарын дамыту бағытында 7 су қоймасы салынып, ондаған гидротехникалық және ирригациялық нысандар жаңартылмақ.

Жиын қорытындысында аймақ басшысы агросаланы дамыту жұмыстарын күшейтіп, инвестиция тарту мен өңдеу саласын өркендету қажеттігін атап өтті.

Фото: ЖИ

Просмотров (116)
ТопДок 1