Қазақстанда азаматтардың денсаулығын қорғау, ауруларды ерте анықтау және медициналық қызметтердің сапасын арттыру мақсатында жаңа цифрлық сервистер енгізілуде, деп хабарлайды Arnapress.kz ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
19 қазаннан бастап Ақмола облысында, Абай және Ұлытау облыстарында азаматтарға скринингтік тексерулерден өту қажеттігі туралы 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы SMS-хабарламалар жіберу бойынша пилоттық жоба іске қосылады.
Жүйе жүрек-қантамыр және онкологиялық ауруларды, қант диабетін, ми қанайналымының бұзылуын және вирустық гепатиттерді ерте анықтауға бағытталған алты бағыт бойынша профилактикалық тексеруден өтуі қажет азаматтарды автоматты түрде анықтайды. Хабарлама алған тұрғындар өздері тіркелген емханаға жүгініп, тексеруден өте алады.
Сонымен қатар, 26 қазаннан бастап еліміздің барлық өңірінде жүргізілген вакцинация туралы SMS-хабарламалар жіберу жоспарланған. Хабарламада вакцинаның атауы мен егілген күні көрсетіледі. Егер мәліметтерде сәйкессіздік анықталса, азаматтар бұл туралы 1414 нөміріне жауап хабарлама жіберу арқылы хабарлай алады.
Бұдан бөлек, медициналық қызметтердің нақты көрсетілгенін растауға мүмкіндік беретін цифрлық сәйкестендіру жүйесі кеңейтілуде. 7 қазандағы мәлімет бойынша, тіркелген 135,9 миллион қабылдаудың 73 пайызы цифрлық сәйкестендіруден өткен. Қазіргі уақытта жүйе медициналық қызметтің 1 278 түрін қамтиды. Ал 1 желтоқсаннан бастап бұл тізімді тағы 736 қызмет түрімен толықтыру жоспарланып отыр.
Жаңа цифрлық шешімдер профилактикалық тексерулердің қолжетімділігін арттыруға, пациенттердің құқықтарын қорғауға, медициналық деректердің дұрыстығын қамтамасыз етуге және денсаулық сақтау саласындағы ашықтықты күшейтуге бағытталған.
Фото: Жасанды интеллект арқылы
