Абай облысы Полиция департаменті қала көшелерінде жүретін мопед жүргізушілеріне жол қауіпсіздігіне қатысты маңызды ережелерді еске салды, деп хабарлайды Arnapress.kz Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Мопедті басқару үшін міндетті түрде тиісті санаттағы жүргізуші куәлігі (A1, A немесе B) болуы қажет. Бұл талап - жүргізушінің жол қозғалысы ережелерін білу деңгейін растайды. Сонымен қатар, мопед мемлекеттік тіркеуден өтіп, нөмірлік белгісі мен техникалық паспорты болуы тиіс. Бұл – заң талабын орындау ғана емес, құқықтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің де маңызды бөлігі.
Полиция өкілдері қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаудың маңызын атап өтті. Атап айтқанда, мотошлем кию – міндетті талап. Бұл құрал жүргізуші мен жолаушының өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқарады. Мопед жүргізушілері жолдың оң жақ жиегімен немесе арнайы велосипед жолдарымен жүруі тиіс. Ал тротуар жаяу жүргіншілерге арналған аймақ болғандықтан, оны пайдалану ережеге қайшы. Сондай-ақ, алкогольдік немесе өзге де масаң күйде көлік басқаруға қатаң тыйым салынады. Бұл тек заң бұзушылық қана емес, адам өміріне тікелей қауіп төндіретін фактор екені ескертілді.
Құзырлы орган өкілдері жол қозғалысы ережелерін сақтау – айыппұлдан қашу емес, ең алдымен адам өмірін қорғау екенін атап өтті.
Фото: ЖИ
