Лента новостей

Волонтерлік бастамаларға 1 миллион теңгеге дейін грант беріледі

грант, волонтер, жеңімпаз

Қазақстанда волонтерлік және азаматтық бастамаларды дамытуға бағытталған шағын гранттар байқауына өтінім қабылдау басталады, деп хабарлайды Arnapress.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап. 

Байқау аясында жалпы саны 96 грант қарастырылған. Жеңімпаздарға өз жобаларын 3 айға дейін жүзеге асыру үшін 1 000 000 теңгеге дейін қаржылай қолдау көрсетіліп, қосымша әдістемелік сүйемелдеу ұсынылады.

Гранттар үш негізгі бағыт бойынша бөлінеді:
волонтерлік бастамаларды дамыту (төтенше жағдайлар, экология, медицина, мәдениет, әлеуметтік сала, жануарларды қорғау) – 60 грант;
инклюзивті қоғамды дамыту – 18 грант;
ауылдық аумақтарды дамыту – 18 грант.

Өтінімдер 2026 жылғы 13 сәуір мен 30 сәуір аралығында қабылданады.

Байқауға:
▫️ тіркелген үкіметтік емес ұйымдар;
▫️ волонтерлік жобалар бойынша бастамашыл топтар;
▫️ 18 жастан асқан жеке тұлғалар қатыса алады.

Толық ақпарат Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының ресми сайтында жарияланған.

Айта кетейік, өткен жылы осы бағдарлама аясында 136 жоба жүзеге асырылып, ел бойынша 10 мыңнан астам адамға нақты көмек көрсетілді. Сонымен қатар 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, 5 мың ауыл тұрғыны қамтылды. Мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат жаңа кәсіп игеріп, 4 мыңнан астам адам волонтерлік дағдыларды меңгерді.

Сондай-ақ еріктілердің қатысуымен археологиялық экспедициялар ұйымдастырылып, тарихи-мәдени мұралар зерттелді. Жануарларға ветеринарлық көмек көрсетіліп, экологиялық акциялар барысында 1 тоннадан астам қоқыс жиналды.

Фото: ЖИ

Просмотров (246)
ТопДок 1