Семей қаласында Қарағайлы ауданындағы көшеттерге қатысты мәселе тұрғындар арасында әлі де талқылануда, деп хабарлайды Arnapress.kz

Бұған дейін аулаға егілген көшеттер көктемей, қурап қалғаны жөнінде айтылған болатын. Қараша айында отырғызылған көшеттер пакетпен бірге егілген. Кейін жауапты мамандар келіп, сол пакеттерді алып тастап, көшеттерді қайта отырғызған. Алайда бұл әдістің қаншалықты дұрыс екені жөнінде сұрақ туындады.

Осыған байланысты Шәкәрім университетінің аға оқытушысы, орман ресурстары және орман шаруашылығы маманы Жадыра Мұратханқызы пікір білдірді. Маманның айтуынша, көшеттерді міндетті түрде пакетсіз отырғызу қажет.
"Пакеттен алып отырғызу керек. Егер тамырлары кеуіп немесе шіріп үлгермеген болса, қайта отырғызғаннан кейін өсіп кетуі мүмкін. Бірақ пакетімен бірге көмуге болмайды, себебі ол су мен ауаны өткізбейді. Тамыр тұншығып, шіріп, кейін өспей қалады. Сондықтан міндетті түрде ашып отырғызу қажет", – деді маман.
Осылайша, мамандардың пікірінше, көшеттердің дұрыс өсуі үшін агротехникалық талаптарды сақтау аса маңызды.
Фото: Arnapress.kz
