Қазақстанның 17 өңірінде "Халық әуені" атты ауқымды концерттік жоба өтеді, деп хабарлайды Arnapress.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылатын концерттік тур 2026 жылғы 21-23 мамыр аралығында өтпек.
Жоба аясында еліміздің концерттік ұйымдары мен шығармашылық ұжымдары өңірлерді аралап, аудан орталықтары мен моноқалаларда өнер көрсетеді. Әр ұжым үш елді мекенде концерт қойып, жалпы көрерменге 51 тегін концерттік бағдарлама ұсынылады.
Концерттер жанды дауыста өтеді. Сонымен қатар, бірқатар музыкалық кештер ашық аспан астында ұйымдастырылып, тұрғындарға ерекше атмосфера сыйламақ.

Жобаның басты мақсаты – ұлттық мәдени мұраны дәріптеу, өнердің үздік үлгілерін шалғай өңірлер мен ауыл тұрғындарына жеткізу. Бағдарламаға елімізде және халықаралық сахналарда өнер көрсетіп жүрген танымал әртістер мен шығармашылық ұжымдар қатысады.
Көрермендер ұлттық музыкамен қатар, заманауи концерттік қойылымдарды да тамашалай алады.
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі
