Лента новостей

Қой мен жылқы еті қымбаттады: Үкімет ет нарығын зерттемек

ет, қой, жылқы, қымбат

Қазақстанда қой, жылқы еті мен тартылған ет бағасының өсуіне байланысты ет нарығына талдау жүргізіледі. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігіне сілтеме жасаған Arnapress.kz хабарлайды.

Мұндай тапсырманы бағаны тұрақтандыру мәселелері жөніндегі кеңесте Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин берген.

Соңғы аптада қой етінің бағасы 2%-ға, жылқы еті 1,3%-ға, ал тартылған ет 0,6%-ға қымбаттаған.

Осыған байланысты өндіріс көлемі, ішкі тұтыну және экспорттық жеткізілімдер ескеріліп, нарықтағы ахуал жан-жақты зерттелмек. Нәтижесінде бағаны тұрақтандыруға бағытталған қосымша шаралар қабылданады.

Ал әлеуметтік маңызы бар кейбір азық-түлік тауарларының бағасы керісінше төмендеген. Соңғы аптада қызанақ 15,1%-ға, қияр 18,2%-ға, сәбіз 5,2%-ға, жұмыртқа 2,4%-ға арзандаған.

Шілде айының алғашқы үш аптасының қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының орташа баға индексі 0,1%-ға төмендеді. Бұл – 2026 жылдың басынан бері алғаш рет тіркелген көрсеткіш.

Министрліктің мәліметінше, бағаны тұрақтандырудың негізгі жолдарының бірі – ішкі өндірісті ұлғайтып, отандық өндірушілерді мемлекеттік қолдау. Осы мақсатта жыл соңына дейін өсімдік майын тазартатын үш жаңа зауытты іске қосу жоспарланып отыр. Бұл ішкі нарықты күнбағыс майымен қамтамасыз ету көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Фото: Arnapress.kz

Просмотров (130)
ТопДок 1