Лента новостей

Семейдегі шағын ауданда бір күнде екі бала терезеден құлады

терезе, құлау, оқыс оқиға, бала

Семейде Қарағайлы ықшам ауданында екі баланың терезеден құлау оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды Arnapress.kz

Осы оқиғаға байланысты мән-жайды білу үшін Абай облысы Төтенше жағдайлар департаментіне хабарластық.

Ведомство ұсынған мәліметке сәйкес, 23 шілде күні Семей қаласында балалардың терезеден құлауына қатысты екі қайғылы оқиға тіркелгенін растады.

Бірінші жағдайда, Қарағайлы шағын ауданындағы 9 қабатты тұрғын үйдің 6-шы қабатындағы пәтер терезесінен 2024 жылы туған сәби ересектердің қарауынсыз қалып, құлап кеткен. Өкінішке қарай, алған ауыр жарақаттарынан сәби оқиға орнында көз жұмды.

Оқиға орнына Абай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 1 қызметкері мен 1 техникасы жұмылдырылды.

Сол күні Қарағайлы шағын ауданында тағы бір осындай оқиға болды. Үш жасар бала ересектердің қарауынсыз қалып, 9 қабатты тұрғын үйдің 2-ші қабатындағы пәтердің терезесінен құлаған.

Оқиға салдарынан түрлі дене жарақатын алған бала аурухананың травматология бөліміне жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, оның жағдайы – орташа ауыр.

Қазіргі уақытта екі оқиғаның да мән-жайы анықталып жатыр. 

Сол күні Қарағайлы шағын ауданында полиция қызметкерлері кешкі уақытта профилактикалық рейд ұйымдастырды. Шара барысында тұрғындармен, әсіресе кішкентай баласы бар ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, балаларды қараусыз қалдырмау, терезелерге қорғаныс құрылғыларын орнату және қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігі ескертілді.

Фото: Arnapress.kz

Просмотров (657)
ТопДок 1