Семейде Дулатов көшесінде шемішке қабығын жолға шашқан жүргізуші жауапқа тартылды, деп хабарлайды Arnapress.kz Абай облысының полиция департаментіне сілтеме жасап.
Семей қаласында 35 жастағы жүргізуші Дулатов көшесімен келе жатып, теміржол өткелінде кезегін күтіп тұрған сәтте шемішке шағып, қабықтарын көліктің терезесінен тікелей жолдың жүру бөлігіне лақтырған.
Оның бұл әрекетін қала тұрғыны бейнежазбаға түсіріп, Абай облысы Полиция департаментінің ресми парақшасына жолдаған. Полиция қызметкерлері жедел әрекет етіп, жүргізушінің жеке басын анықтап, оны ортақ пайдаланылатын орынды ластағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, құқық бұзушыға 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған. Әкімшілік іс материалдары шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Көлік терезесінен лақтырылған шемішке қабығы, темекі тұқылы немесе өзге де қоқыс ұсақ нәрсе болып көрінуі мүмкін. Алайда дәл осындай әрекеттер қаланың тазалығына, қоғамдық мәдениетке және қоршаған ортаға деген көзқарасқа әсер етеді.
Фото: ЖИ
