2026 жылғы 14 сәуірде өткен Үкімет брифингінде Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов блогерлердің табысын көлеңкеден шығару бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Arnapress.kz Үкіметке сілтеме жасап.
Оның айтуынша, елдегі барлық салық төлеушілер өз міндеттемелерін толық орындауы тиіс. Бұл ретте блогерлер де назардан тыс қалмайды. Қаржы органдарының қолында ауқымды деректер базасы бар және олар әлеуметтік желідегі табыс көздерін тұрақты бақылауда ұстап отыр.
Вице-министрдің мәліметінше, бір жыл ішінде 854 блогерге 1 586 хабарлама жіберілген. Аталған хабарламаларда олардың табысты 72 миллиард теңгеге дейін төмен көрсеткені анықталған. Нәтижесінде 622 блогер қосымша салық декларациясын тапсырып, табыстарын 18,3 миллиард теңгеге арттырған. Осы арқылы бюджетке шамамен 1 миллиард теңге қосымша салық төленген.
Сонымен қатар, тағы 600 миллион теңге төлеу міндеті қойылған. Қазіргі таңда жеті блогерге қатысты тексеру жүргізіліп жатыр, олардың әрқайсысына есептелген қосымша салық сомасы 10 миллион теңгеден асады. Егер бұл қаражат ерікті түрде төленбесе, материалдар құқық қорғау органдарына жолданып, тиісті процессуалдық шешімдер қабылданады. Шенеунік нақты есімдерді атау мүмкін емес екенін, бұл салық құпиясына жататынын атап өтті.
Фото: ЖИ
