Лента новостей

Абай облысында қой шаруашылығының селекциялық орталығы ашылды

қой, шаруашылық, селекция

Семей қаласында Шәкәрім университеті базасында қой шаруашылығына арналған селекциялық орталық өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Arnapress.kz Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Думан Оспанов, университет ректоры Думан Орынбеков және сала ғалымдары қатысты.

Мамандардың айтуынша, өндірісті ғылыммен ұштастыру – ауыл шаруашылығын дамытудың басты шарты. Әсіресе, қой шаруашылығы саласында ғылыми селекция жүргізу арқылы өнімділікті арттырып, сапалы тұқым қалыптастыру – уақыт талабы.

Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары өңірде қой шаруашылығының әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұрын Семей өңірі бұл салада алдыңғы қатарда болған. Қазіргі таңда Берік Уәли бастамасымен саланы дамытуға арналған стратегиялық құжат әзірленген. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелеуде жаңа селекциялық орталықтың рөлі ерекше болмақ.

Орталық заманауи технологиялармен жабдықталған және мұнда тәжірибелі ғалымдармен қатар жас мамандар да еңбек етеді. Олар қой тұқымдарын асылдандыру, ғылыми негізде будандастыру жұмыстарын жүргізіп, жоғары өнімді жаңа тұқымдарды шығаруға күш салмақ.

Жоба аясында өңірдегі қой шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру, ғылым мен өндірісті ұштастыру және аграрлық саланың тиімділігін арттыру көзделіп отыр.

Фото: Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі

Просмотров (213)
ТопДок 1