Лента новостей

Жүргізуші куәлігін алу тәртібі өзгереді: жаңа талаптар енгізілмек

жүргізуші куәлігі, өзгеріс, ақылы

Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу рәсімін жетілдіру бағытында бірқатар жаңа шаралар қабылданды. Бұл мәселе ҚР Премьер-министрінің орынбасары – цифрлық даму және жасанды интеллект министрі Жаслан Мәдиев төрағалығымен өткен кеңесте қаралды, хабарлайды Arnapress.kz министрлік баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиында Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, емтихан тапсыру үдерісінің ашықтығын арттыру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту және азаматтарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған нақты шешімдер бекітілді.

Енді азаматтар жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханды ақылы негізде шектеусіз тапсыра алады. Алайда әр әрекет арасында кемінде 10 күн үзіліс сақталуы тиіс. Бұған дейін үш рет тегін тапсыру мүмкіндігі болғанымен, кейін қайта оқуға жіберілетін талаптар кей жағдайда заңсыз жолдарға итермелегені айтылды.

Сондай-ақ Астанадағы Ұлттық тестілеу орталығы базасында пилоттық жоба іске қосылады. Онда академиялық адалдықты қамтамасыз ететін технологиялар сынақтан өтеді. Болашақта бұл тәжірибе бүкіл ел бойынша енгізілмек.

Тағы бір маңызды жаңалық – емтихан процесіне жасанды интеллект енгізіледі. Теориялық бөлімде толықтырылған шынайылық (AR), ал практикалық емтиханда компьютерлік көру технологиясы қолданылмақ. Бұл бұзушылықтарды нақты тіркеуге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, ақпараттық қауіпсіздік күшейтіліп, заңсыз әрекеттер үшін жауапкершілік қатаңдатылады. Емтихан кезінде тыйым салынған құрылғылар пайдаланған азаматтар 1 жылға дейін емтихан тапсыру құқығынан айырылуы мүмкін.

Автомектептерге қойылатын талаптар да күшейеді. Олардың қызметі лицензияланып, оқу сапасы төмен болған жағдайда лицензия кері қайтарылады.

Жалпы, енгізілетін өзгерістер жүргізуші куәлігін алу рәсімін барынша ашық, әділ әрі қолжетімді етуге бағытталған.

Фото: ЖИ

Просмотров (202)
ТопДок 1