Лента новостей

Семейлік отбасы сәбиіне батырдың есімін беріп, сыйлық алды

жөргекпұл, Кеңесары, Семей

Наурыз айында 10 балаға Кенесары есімін берген ата-аналар сыйлыққа ие болды, деп хабарлайды Arnapress.kz.

Бұған дейін Қазақстанда наурыз айында дүниеге келген сәбилерге Кенесары есімін берген алғашқы 10 отбасыға арнайы жөргекпұл табысталатыны туралы жазған болатынбыз.

Бұл бастаманы журналист Нұрсейіт Жылқышыбай қолға алып, ел ішінде үлкен қолдау тапты. Наурыз айының алғашқы күндерінен-ақ Қазақстанның әр өңірінен көптеген ата-ана сәбиіне Кенесары есімін беруге ниет білдірген. Соның нәтижесінде жүлдеге ие болатын алғашқы ондық тез арада анықталды. 

Жоба аясында Алматы, Астана, Семей, Ақтау, Орал, Шымкент және Түркістан қалаларында Кенесары есімі берілген сәбилер дүниеге келді. Алматы қаласында туған екі сәбиді перзентханадан орталық қызметкерлері арнайы барып шығарып алып, жөргекпұлдарын қолма-қол табыстаған.

Ал, 7 наурыз күні Семей қаласында Бақытгүл есімді келіншек ұл бала босанып, сәбиіне Кенесары есімін берген. Осылайша ол да бастама аясында жөргекпұлға ие болғандардың қатарынан табылды.

“Кенесары дүниеге келмей тұрып, есімін кім деп қоямыз деп ойланып жүрген едік. Ұлымның салмағы 4250 болып туды. Сол кезде туысқандарымыз WhatsApp чатына ұтыс жайлы ақпараттар жіберген еді. Аты затына сай болсын деп, ұлымның есімін Кенесары қоюды жөн көрдік. Менің үш балам бар, Кенесары – төртінші балам. Кенесары атамыз сияқты қолбасшы, батыр, қайсар, мықты азамат болсын деген ниетпен де осы есімді таңдадық. Мықты ұлы тұлғаларымыздың аты өшпесін деген тілегіміз бар. Жөргекпұлды алып жатсақ баланың алдағы керек жарақтарына, өз қажеттіліктеріне деп сақтап, соған жұмсаймыз”, - дейді Бақытгүл Сайлаубаева

Бақытгүлге табысталатын 400000 теңге жөргекпұлды ұйымдастырушылар алдағы аптаның басында беруді уәде еткен екен.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама қазақ тарихындағы айбынды тұлға - Кенесары Қасымұлы есімін жаңғыртып, ұлттық рухты дәріптеуді мақсат етеді. Сонымен қатар ол жас отбасыларға қолдау білдіріп, жаңа туған сәбилерге қуаныш сыйлауды көздейді.

Фото: Бақытгүл Сайлаубаевадан

Просмотров (576)
ТопДок 1