Лента новостей

Павлодарлық 9 тіл меңгерген 17 жастағы Айханым Окасова баспанаға қол жеткізді

полиглот, 9 тіл меңгерген, пәтер алды, Павлодар

Керекулік 9 тіл меңгерген, полиглот Айханым Окасова 17 жасында өз еңбегі арқылы бастапқы жарна жинап, Астана төрінен пәтер алғанын Arnapress.kz тілшісіне айтып берді. Айханым өз қуанышымен және алдағы жоспарларымен бөлісті.

"Мен қарапайым отбасында өстім. Бүгінгі жетістіктерімнің артында үлкен еңбек пен отбасымның, әсіресе анамның қолдауы тұр. Анам әрқашан маған сенді және кез келген бастамамда жанымнан табылды. Шет тілдеріне қызығушылығым ерте жастан басталды. Тіл үйрену мен үшін міндет емес, өмірімнің бір бөлігіне айналды. Әр тіл арқылы мен жаңа мәдениет пен жаңа ойлау жүйесін таныдым", - дейді Айханым.

Айханым 13-14 жасынан бастап тіл үйренуге қызығушылық танытып, қазір өз білімін басқа адамдарға дәріс беріп үйретеді. Осылайша жинаған қаржысына жас полиглот Астана төрінен пәтер алған.

"Бастапқыда бұл тек тәжірибе сияқты көрінгенімен, уақыт өте келе жауапкершілігі жоғары үлкен еңбекке айналды. Аударма жұмыстарын қатар алып жүріп, өз табысымды қалыптастырдым. Бала кезімнен анам барлық сыйлыққа берілген ақшаны арнайы есепшотқа жинап отырды. Бастапқы мақсатымыз 18 жасқа келгенде пәтер алу еді. Бірақ мен ерте жастан еңбек етіп, сабақ беру мен аударма арқылы табыс тапқанымның арқасында бұл арман ертерек орындалды. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік пен мақтаныш", - дейді Айханым.

Жас полиглоттың алдағы мақсаты да айқын: "Алдағы уақытта педагогикалық ғылымдар факультетіне түсуді жоспарлап отырмын. Менің басты мақсатым – тек тіл білу емес, білімді дұрыс әрі сапалы түрде басқаларға жеткізу. Ұстаздық жол мен үшін жай мамандық емес, өмірлік миссия. Менің ең үлкен арманым - білімді баршаға қолжетімді ету. Тіл үйрену тек белгілі бір жасқа немесе мүмкіндігі бар адамдарға ғана емес, кез келген адамға ашық болуы керек. Сол себепті мен болашақта тиімді, түсінікті және қолжетімді оқыту әдістемелерін жасауды мақсат етемін. Әр адамға қызығушылықпен, нәтижеге бағытталған тәсіл арқылы тіл үйренуге мүмкіндік бергім келеді. Бала болсын, жасөспірім немесе ересек адам болсын, бәрі өзіне ыңғайлы форматта білім ала алады. Мен үшін білім беру - тек сабақ өткізу емес, адамның өзіне деген сенімін арттыру және мүмкіндіктерін кеңейту", - дейді Айханым.

Айханым жеткен жетістіктерін тек жолының басы деп есептейді: "Мен кім болсам да, қандай нәтижеге жетсем де, оның бәрі еңбектің, тәртіптің және отбасының сенімінің арқасында жүзеге асты", - деп сөзін түйіндеді.

Айханым Окасованың жетістік жолы - еңбекқорлық пен білімге деген адалдықтың нақты дәлелі.
Айханым үшін бұл - тек бастау. Алда оның білім беру саласында тың жобаларымен және жаңа жетістіктерімен танылуына толық мүмкіндік бар.

Гүлнұр Ахметжан

Фото: кейіпкерімізден

Просмотров (242)
ТопДок 1