Лента новостей

"Суарылмаған, қаппен қалған": Семейдегі белгілі бір кешен тұрғындарының көшеттерге наразылығы

көшет, қурау, Қарағайлы

Семейдегі Қарағайлы 74 шағын аудан тұрғындарының тағы бір жанайқайы редакциямызға келіп түсті, деп хабарлайды Arnapress.kz.

Тұрғындардың айтуынша, өткен жылдың қараша айында аула аумағына тоғай көшеттері отырғызылған. Алайда арада бірнеше ай өтсе де, егілген талдардың барлығы делік қурап кеткен.

"Аула маңындағы егілген тоғайлар мүлдем қурап қалды. Қазір оларды қоқысқа тастаудан басқа амал жоқ сияқты. Қаншама еңбек пен қаржы далаға кетіп жатыр. Егілгеннен бері ешкім суармаған. Тамыры да дұрыс жайылмаған, себебі әлі күнге дейін мешок, целлофанымен тұр", - дейді тұрғындардың бірі.

Олардың сөзінше, көгалдандыру жұмыстарын тендер арқылы Өскеменнен келген мердігер компания жүргізген.

"Бізге ештеңе ескертілмеді. Аулаға не егілетінін де, қалай күтім жасау керегін де айтқан жоқ. Қараша айында екі жігіт тал егіп жүргенде сұраған едік, тендер арқылы алғандарын айтты. Ол кезде күн суық болды. "Қурап қалмай ма?" деп алаңдадық. Кейін байқасақ, көшеттердің көбі дұрыс отырғызылмаған. Барлығы әлі қаптарымен тұр. Нәтижесінде ешқайсысы гүлдеп, жайқалып кетпеді. Қазір аула көркін кетіріп тұр", - дейді тұрғын.

Осы мәселеге байланысты редакция жауыпты бөлімге хабарласқан еді

"Иә, аулаға егілген тоғайлар біздің мердігерлер арқылы отырғызылған. Мердігерлердің айтуынша солай пакетпен егіліп, тұрғындар өздері суарып тұруы керек болған. Қазір кейбір көшеттерді қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргіземіз. Кепілдік міндеттемелер аясында жоғарыда көрсетілген барлық ескертулер орындалатын болады", – деп жауап берді Оразаев Біржан Бақтығалиұлы "Абай облысы Семей қаласының құрылыс бөлімі” ММ Құрылыс секторының меңгерушісі.

Алайда тұрғындар өздеріне тал күтімі бойынша ешқандай түсіндіру жұмыстары жүргізілмегенін айтады. Атап айтқанда, көшеттердің түбіндегі қаптамаларды қашан алу керек екені, қопсыту мен суару тәртібі жөнінде ақпарат берілмеген.

Фото: тұрғындардан

Просмотров (266)
ТопДок 1