Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің "Әуежай – Астана" кеден бекетінің қызметкерлері мобильді құрылғыларды кедендік бақылаудан тыс заңсыз әкелудің 10 фактісінің жолын кесті, деп хабарлайды Arnapress.kz департаментке cілтеме жасап.
Кедендік бақылау барысында жолаушылардың багажынан барлығы 223 дана iPhone 18 смартфоны мен 10 жұп AirPods сымсыз құлаққабы анықталды.
Жолаушылар аталған тауарларды «жасыл дәліз» арқылы, яғни кедендік декларацияны ұсынбастан алып өтуге әрекет жасаған.
Атап айтқанда, бір жағдайда жолаушының багажынан бірден 50 смартфон анықталды. Бұл жеке тұлғалардың тауарларды кедендік төлемдерді төлемей және декларацияламай, жеке пайдалануға арналған тауар ретінде алып өтуіне белгіленген мөлшерден едәуір асып түседі.
Анықталған фактілер бойынша төрт тұлғаның жеке кәсіпкер мәртебесі болғаны, тағы төрт тұлғаның жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей тауар әкелгені анықталды.
Мемлекеттік кірістер комитеті тауарларды кедендік шекара арқылы өткізу кезінде жеке пайдалануға арналған тауарларға белгіленген талаптар мен өлшемшарттарды сақтаудың қажеттігін еске салады.
Қолданыстағы талаптарға сәйкес, жеке тұлға бір адамға екі ұялы телефоннан артық емес мөлшерде алып өте алады.
Егер өткізілетін тауарлардың саны немесе сипаты жеке пайдалануға арналған тауарларға белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келмесе, олар кедендік декларациялауға және тиісті кедендік рәсімдерге жатады.
Анықталған мобильді құрылғылар уақытша сақтау қоймасына орналастырылды. Анықталған фактілер бойынша заңнамада көзделген әкімшілік жауапкершілік шаралары қабылдануда.
Тиісті талаптар Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы №250 бұйрығымен – жеке тұлғалар өткізетін тауарларды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы жеке пайдалануға арналған тауарларға жатқызу критерийлерімен белгіленген.
Фото: Жасанды интеллект арқылы жасалды
