Лента новостей

Шымкенттік кішкентай барабаншы – әлеуметтік желі жұлдызы

барабаншы, желі жұлдызы, Шымкент

Шымкенттік ең кішкентай барабаншысы 7 жасар Әли әлеуметтік желіде танымал. Табиғи талант тұнып тұрған. Көрсең көз тояды. Әлидің анасы Шынар Өтепбергенқызымен Arnapress.kz тілшісі сұхбаттасып, ұлының музыкалық қабілеті мен қызығушылығы туралы біліп көрді.

“Ұлымның толық аты-жөні Әбсейіт Әли Бекнұрұлы. Әкесі - Әбсейіт Бекнұр Серікұлы. Әлидің барабанға деген қызығушылығы 1,5–2 жасынан басталды. Әкесі кішкентай кезінен өлең айтып, үстелді тарсылдатып ырғақ шығаратын. Соған қарап бала да сол дыбыстарды қайталауға тырысатын. Бір күні мультфильм әуеніне сай үстелді ұрып отырғанын байқап, оны видеоға түсіріп сақтап қойғанбыз”, - дейді Шынар.

Нағыз музыкалық аспаппен алғаш танысуы туралы да анасы ерекше әсермен еске алды.

“Ең алғаш нағыз барабанды 5 жасында ұстады. Оған дейін кішкентай қара түсті үстел үстіне қойылатын барабанмен ойнайтын, одан да бұрын ыдыстар мен ойыншықтарды қолданатын. Айлық кезінен бастап музыка естісе қуанып, билеп, шапалақ ұратын. Үйде дайындықты әкесімен бірге жасайды, кейде өзі жеке отырып ноталарды жаттайды. Бұл оның жүйелі түрде дамуына әсер етіп келеді”, - деді Әлидің анасы

Әлеуметтік желіде алғаш қалай танылғаны туралы да қызықты сәтпен бөлісті

“Бір күні үйдегі қарапайым сәтті видеоға түсіріп, ыдыстармен ойнап отырғанын әлеуметтік желіге жүктегенбіз. Сол видео кейін үлкен қызығушылық тудырды. Алғаш видео салғаннан кейін бір күннің ішінде рекке шығып қолдау көп келді. Тағы да салыңыздаршы деп сұраныс көп келді. Қуанып кеттік, әрмен қарай сала берейік дамытып деген ой келді. Қазір танымал боп кеткенін қатты біле бермейді. Біреулер көрсетіп жатса “мама, мынау менің видеомды көрсетіп жатыр ғо” деп мәз болады. Жазылған пікірлерді оқып көрсетіп отырамын, “мені бәрі мақтап жатыр ма?” деп қуанып қалады”, - дейді Шынар Өтепбергенқызы.

Анасының айтуынша өнерпаз балақайға көшеде адамдар танып, жақсы пікірлер қалдырады екен

“Көшеде танып жататндар да бар. Көрген адамдар бірден іздеп, суретке түскісі келеді, бірақ Әли оны әлі ойын сияқты қабылдайды.  Көбіне адамдар оның талантына тәнті болып, болашағынан үлкен үміт күтетін жылы лебіздер қалдырады. Қолдау көбіне жылы сөз арқылы келді. Қазақстаннан бөлек Өзбекстан, Қырғызстан, Қарақалпақстан, Украина, Ресейден де пікірлер жазылады”, - деді Әлидің анасы

Әли кішкентай болса да, басқа қызығушылықтары да баршылық 

“Барабаннан бөлек сурет салғанды, велосипед тебуді жақсы көреді. Қазір басқа музыкалық аспаптарға да қызығушылық танытып жүр. Мінезі ашық, көңілшек, мейірімді әрі көпшіл. Адамдармен тез тіл табысады. Егер шаршаса, біз оны ешқашан қинамаймыз. Өз қалауы бойынша ойнайды, демалады, дайындалады. Қазір ол сабаққа да, үйірмеге де, түсірілімдерге де үлгеріп жүр. Мектепалды даярлықты аяқтап, енді 1-сыныпқа барады. Оқу жағынан да өте зерек, тез қабылдайды", - дейді Шынар

Шынардың балаға деген тәрбиесі мен қолдау қағидаты туралы да маңызды ой айтты

"Басты қағидамыз - баланың қызығушылығын жоғалтпау. Оны қолдау, қысым жасамау және салыстырмау оның дамуына үлкен әсер береді. Үйде әрқашан қолдап, қолпаштап, мақтап отырамыз, сонда бала алға ұмтылып, шабыты ашылады”, - деді анасы

Ананың баласына айтылған тілегі мен батасы орындалатыны белгілі, ендеше Әлидің анасы да алға баласының биіктерден көрінуін тілейді. 

“Болашақта ұлымыз халық алдына шығып өнер көрсетіп, қошеметке ие болса деген арманымыз бар. Біз үшін үлкен мақтаныш боп жүре берсін.  Оның әр жетістігі жүрегімізді қуанышқа толтырады”, - деп Шынар жүрекжарды тілегін айтты

Гүлнұр Ахметжан

Фото: Әлидің анасы Шынар Өтепбергенқызынан

Просмотров (297)
ТопДок 1