Павлодар облысында медицина қызметкерлеріне күш қолдану дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр, деп хабарлайды Arnapress.kz облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Оқиғаға қатысы бар үш күдікті ұсталды: олардың екеуі уақытша ұстау изоляторына қамалса, үшіншісі арнайы палатаға жатқызылып, полицияның бақылауына алынды.
Оқиға 12 сәуір күні таңертең Екібастұз қалалық ауруханасының травмпунктінде болған. Алдын ала мәліметке сәйкес, жергілікті тұрғын медициналық көмекке екі мас күйдегі досымен бірге жүгінген. Алайда олар өзін әдепсіз ұстап, дәрігердің ескертуіне агрессивті жауап берген.
Жастар бөлмеден шығудан бас тартып, дәрігерге қол көтерген. Жағдайды реттеуге тырысқан медбике де соққы алып, дене жарақатын алған.
Зардап шеккен екі медицина қызметкері ауруханаға жатқызылды. Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері күдіктілерді ұстап, қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы Павлодар облысының Полиция департаменті хабарлады.
Айта кетейік, 2026 жылғы 7 наурыздан бастап Қазақстанда медицина қызметкерлерін қорғауға бағытталған қатаң заңнамалық өзгерістер күшіне енген. Жаңа талаптарға сәйкес, дәрігерлерге, фельдшерлерге және жедел жәрдем жүргізушілеріне шабуыл жасағандар 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Қазіргі таңда құқық қорғау органдары Қылмыстық кодекстің 380-3-бабын белсенді түрде қолдануда. Полиция мұндай құқық бұзушылықтарға «нөлдік төзімділік» қағидаты бойынша әрекет ететінін атап өтті.
Фото: ЖИ
