Лента новостей

Абай облысында әлеуметтік нысандарды жобалау жұмыстары жүріп жатыр

құрылыс

Жобалар денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет, әлеуметтік қамсыздандыру және азаматтық қорғау салаларын қамтиды.

Биыл құрылыс басқармасы 79 жобаны әзірлеуде. Оның 33-і меморандум аясында жүзеге асырылуда, - деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінеде әлеуметтік нысандарды жобалау бойынша Абай облысы құрлыс басқармасының басшысы Шыңғыс Риахановтың қатысуымен брифинг өтті.

Бүгінде облыста денсаулық сақтау бағыты бойынша 21 жоба қолға алынған. Оның ішінде Семей қаласында 200 орындық көпсалалы балалар ауруханасы мен жаңа емхана, облыстық қан орталығы, сондай-ақ ядролық медицина орталығының хирургиялық корпусы салынбақ.

"Бұдан бөлек, "Ұшақтар" ықшам ауданында 300 төсек-орындық облыстық аурухана құрылысына құжаттама дайындалып жатыр. Спорт саласында да бірқатар ірі жобалар бар. Семейдің "Smart City" ауданында 25 мың орындық жаңа стадион бой көтермек. Сонымен қатар, Аягөз қаласындағы орталық стадион қайта жаңартылып, Мамырсу, Құмкөл, Бақты және Мақаншы ауылдарында спорт кешендері салынады", - деді басқарма басшысы.

Білім беру саласында үш жоба әзірленуде. Оның ішінде Үржарда 240 орындық балабақша меморандум аясында дайындалса, Қарауылда интернат және Ақтоғайда балабақша құрылысы жоспарланған.

Мәдениет нысандары да назардан тыс қалмаған. Үржар, Толағай, Қаратұма және Көктерек ауылдарында мәдениет үйлері мен ауылдық клубтар салу және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.

"Әлеуметтік қамсыздандыру бағыты бойынша Семейде 150 орындық балалар психоневрологиялық мекемесі, ал Аягөзде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталығын салу бойынша жобалау жұмыстары жүргізілуде", -деп қосты Шыңғыс Риаханов.

Азаматтық қорғау саласында Семейде өрт сөндіру депосы мен 400 орындық тергеу изоляторының кешені, сондай-ақ Курчатовта полиция бөлімінің ғимараты қайта жаңғыртылады. Алакөл жағалауын бекіту жобасы да жүзеге асырылып жатыр.

Жалпы жыл басынан бері 14 жобаның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алған. Оның қатарында 400 орындық облыстық "Білім-инновация" лицейі, Семейдегі шаңғы-роллер трассасы және ауылдық жерлердегі спорт модульдері бар.

Сурет: Arnapress.kz тілшісі, Абай облысы құрылыс басқармасының баспасөз қызметі 

Просмотров (431)
ТопДок 1