Семей қаласында Бозтаев көшесі жағынан Оқушылар сарайына өтуге байланысты тұрғындар тарапынан қиындықтар туындап отыр. Ата-аналар мен қала тұрғындарының айтуынша, нысанға жаяу жету қолайсыз, бұл әсіресе балалар үшін қауіп төндіреді.
Осыған байланысты Arnapress.kz редакциясы Абай облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына ресми сұрау жолдаған болатын.
Басқарманың мәліметінше, қазіргі уақытта Бозтаев көшесі жағынан Оқушылар сарайына жаяу жүргіншілер көпірін салу бойынша жобалық-сметалық құжаттама сараптамадан өту сатысында.
"Жобаға сәйкес, ұзындығы 51,80 метр, ені 3,50 метр болатын металл жаяу жүргіншілер көпірін салу көзделген. Өту бөлігінің биіктігі 2,50 метрді құрайды. Сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін жобаға қажетті қаржыландыру көзі анықталатын болады", – деп хабарлады басқарма өкілдері.
Айта кетейік, Оқушылар сарайының құрылысы 2023 жылы басталып, 500 орынға арналған заманауи қосымша білім беру орталығы 2025 жылғы 22 желтоқсанда пайдалануға берілген. Мұнда балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған түрлі үйірмелер, секциялар мен ғылыми-танымдық, мәдени бағдарламалар жұмыс істейді.
Гүлнұр Ахметжан
Фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
