Наурызнама аясындағы Ұлттық киім күні – ұлттық нақыш пен сұлулықты ұштастырған ерекше мерекеге айналды, деп хабарлайды Arnapress.kz
Осы орайда Семейде ұйымдастырылған "Көктем аруы – 2026" байқауы көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Биылғы сайыстың ерекшелігі – 30 жастан асқан арулардың бақ сынауы. Бұл – сұлулықтың тек жастықпен өлшенбейтінін, нәзіктік пен парасаттың үйлесімі кез келген жаста жарқырайтынын дәлелдеген тағылымды дода болды.
Сахна төріне шыққан 6 ару алдымен өздерін таныстырып, өмірлік ұстанымдары мен ішкі жан дүниесін ашса, келесі кезеңде өнерлерін ортаға салып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әр қатысушының сахнадағы бейнесі – ұлттық болмыс пен заманауи талғамның үйлесімі іспетті болды.
Кеш барысында үзіліс сәттері де көрерменді жалықтырмады. Өңір жастары әсем би билеп, ән шырқап, мерекелік көңіл-күйді одан әрі жандандыра түсті. Ал әділ қазылар алқасы үшін үздікті анықтау оңайға соқпады.
Нәтижесінде:
- "Көрікті ару" номинациясы Динара Ғабитқызына табысталып, 100 мың теңге сыйақы берілді.
- ІІІ вице-ару атағын Алдабергенова Анель иеленді.
- ІІ вице "Көркем ару" атанған Антонина Клиновицкая 200 мың теңгелік сертификатқа ие болды.
- І вице "Көктем аруы" атағы Назерке Қасымханқызына бұйырып, 200 мың теңге ұтып алды.
- Ал байқаудың бас жүлдесі – "Көктем аруы – 2026" атағы Әріпова Гүлданаға табысталып, 500 мың теңге сыйақы берілді.

Бұл кеш – тек сұлулық сайысы ғана емес, ұлттық құндылықтарды дәріптеген, әйел затының даналығы мен талғамын ұлықтаған тағылымды шара ретінде есте қалды.
Фото, видео: Arnapress.kz
