Көкпекті ауданының прокуратурасы ерекше режимде ұсталатын облыстық арнайы мектеп-интернаттың қызметіне тексеру жүргізіп, заңнама талаптарының бірқатар бұзылғанын анықтады, деп хабарлайды Arnapress.kz ҚР Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Тексеру барысында мекеменің 10 айдан астам уақыт бойы күзетсіз қалғаны белгілі болды. Сондай-ақ 33 бейнебақылау камерасының 9-ы істен шыққан, өрт дабылы мен дабыл түймесі жұмыс істемеген. Бұдан бөлек, бейнежазбалардың сақталмауы және аумақ қоршауының бүлінуі тәрбиеленушілердің қауіпсіздігіне қатер төндірген.
Сонымен қатар балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету және қажетті дәрілік препараттармен қамтамасыз ету кезінде кемшіліктерге жол берілген.
Қаржылық салада да заңбұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, 11,5 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жоспарлау кезінде заң талаптары сақталмаған. Сондай-ақ мекеме басшысына үстемеақының негізсіз төленуі және іссапар шығындарын рәсімдеу барысында заңбұзушылықтарға жол берілген.
Аталған фактілер бойынша прокуратура Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 424 және 410-баптарына сәйкес әкімшілік істер қозғады.
Заңбұзушылықтарды жою және кінәлі тұлғаларды жауаптылыққа тарту мақсатында облыстық білім басқармасына прокурорлық ұсыну енгізілді.
Қазіргі таңда тәрбиеленушілердің құқықтарын қалпына келтіру және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері прокуратура органдарының бақылауында.
Фото: Жасанды интеллект арқылы
