Лента новостей

Абай облысында зымыран ұшқан күн болды

зымыран

Абай гарнизонында зымыран әскерінің далалық оқу-жаттығулары өтті. 

Абай гарнизонында орналасқан 36803 әскери бөлімінің жеке құрамы "Шығыс" түраралық оқу-жаттығу полигонында жауынгерлік шеберліктерін шыңдайтын далалық оқу-жаттығуларын өткізді, - деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі.

Гарнизонның баспасөз қызметінің хабарлауынша оқу-жаттығу барысында әскерилер жауынгерлік машинадан атуда және атысты басқаруды ұйымдастыруда өздерінің тәжірибелік дағдыларын жетілдірді.

Тактикалық оқу-жаттығуына дайындалу алдын ала жүзеге асырылды. Жеке құрам қауіпсіздік шараларын, атуды орындау тәртібін зерделеп, оқ-дәрілерді салу бойынша нормативтерді орындады, сондай-ақ бөлімшені және зымыран жүйесін жауынгерлік жағдайға көшіру бойынша жаттығуларды іске асырды. Кейін "Смерч" дүркіндетіп ату реактивті жүйесімен шартты жауды білдіретін нысаналарға оқ жаудырды.

"Смерч" дүркіндетіп ату реактивті жүйелері арқылы атылған зымыран ұзақтығы 90 шақырымға дейін жетеді. Бір қондырғыда зымырандарға арналған 12 бағыттауышы бар және оқ ату қуатына ие. Бір атыспен "Смерч" 280 гектар болатын аумақты талқандай алады.

36803 әскери бөлімінің дивизион командирі майор Саян Судьяновтың айтуынша, әскери бөлімінің зымыраншылары қатысқан тактикалық оқу-жаттығулары жоғары деңгейде өткізілді.

"Жаттығу барысында дивизион үйлесімділігі пысықталып,  жауынгерлік машинаны қолдану мен белгіленген нысананы дұрыс көздеу сынды оқу сұрақтары қарастырылды. Тактикалық оқу-жаттығу барысында 14 тапсырма жүктелді. Олардың барлығы дерлік орындалды және өзіме сеніп тапсырылған сарбаздар оқу жылы бойы жинаған білімдерін тәжірибе жүзінде көрсете алды", - дейді майор Саян Судьянов.

Сурет: Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі

Просмотров (231)
ТопДок 1