Астанада жүргізуші куәлігін таныстары арқылы жасап беруге уәде етіп, алты азаматты алдаған ер адам сотталды, деп хабарлайды Arnapress.kz Баспрокуратураға сілтеме жасап.
Ол азаматтардан жалпы сомасы 2,3 млн теңге алған. Алаяқ жүргізуші куәліктерін рәсімдеп беруге уәде еткенімен, өз міндеттемелерін орындамаған. Алған ақшасын жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.
Сот отырысында прокурор сотталушының кінәсін толық дәлелдеді. Сот оның кінәсін мойындағанын және келтірілген шығынды ішінара өтегенін ескерді.
Сот үкімімен ер адамға 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді. Сонымен қатар жазасын өтеу кезеңінде жыл сайын 100 сағат көлемінде мәжбүрлі еңбекке тарту міндеттелді.
Сотталған азаматқа бірқатар шектеу қойылды. Атап айтқанда, пробация қызметін хабардар етпей тұрғылықты және жұмыс орнын өзгертуге, сондай-ақ алкогольдік ішімдіктерді тұтынумен байланысты ойын-сауық орындарына баруға тыйым салынды. Жұмыссыз қалған жағдайда жұмыссыз ретінде тіркелуге міндеттелді. Бұдан бөлек, сот белгілеген уақытта, яғни сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін тұрғылықты жерінен тыс жерде болуға шектеу қойылды.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Астана қаласының прокуратурасы азаматтарды қырағы болуға және заңда белгіленген тәртіпті айналып өтіп, қандай да бір мәселені шешуге уәде берген адамдарға ақша бермеуге шақырды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді алудың тек заңды жолдарын пайдалануға кеңес берді.
Фото: ЖИ
