Абай облысы әкімінің төрағалығымен көктемгі су тасқынына дайындық шаралары бойынша арнайы жиын өтті деп хабарлайды Arnapress.kz облыс баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кеңеске тиісті басқарма басшылары мен департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережим арқылы қосылды. Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша Қазгидромет РМК Абай облысы бойынша филиалының директоры Ляззат Болатқан, жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Ақылжан Ақылбеков, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мерей Байырхан және ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Мирас Тоқтарханов баяндама жасады. Сондай-ақ аудан әкімдері су тасқынының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берді.
Мамандардың мәліметінше, облыстың бірқатар аудандарында қар қоры мол. Жазық жерлерде қардың қалыңдығы 2–55 сантиметр аралығында болса, кей аумақтарда топырақтың тоңдануы 105–136 сантиметрге дейін жеткен. Ақсуат, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма және Көкпекті аудандары су басу қаупі жоғары аймақтар ретінде белгіленген. Күннің күрт жылынуы, жаңбыр немесе қардың қайта жаууы өзендерде мұз кептелісін тудырып, шағын өзендер мен уақытша су арналары арқылы тасқын қаупін арттыруы мүмкін.
Өңірдегі жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 4 462 шақырымды құрайды. Жол бойында 162 көпір мен 1 745 су өткізу құбыры орналасқан. Сонымен қатар 733 шақырым теміржол желісі бойында 265 көпір және 330 су өткізу құбыры бар. Қазіргі уақытта су өткізу арналары тазартылып, қар шығару жұмыстары жүргізілуде. Елді мекендерден 300 мың текше метрден астам қар шығарылған.
Өткен жылдардың тәжірибесіне сүйене отырып, облыстық маңызы бар жолдардың 9 учаскесі және аудандық маңызы бар жолдардың 10 учаскесі су басу қаупі жоғары аймақ ретінде анықталып, ерекше бақылауға алынған.
Жоспарға сәйкес Ертіс өзені бойында мұзды қопсыту, ұсақтау және мұз кептелістерін жою мақсатында профилактикалық жарылыс жұмыстары жүргізіледі. Өзенде гидробекеттер ұйымдастырылып, су деңгейіне тұрақты мониторинг жасалмақ.
Облыс аумағында түрлі меншік нысанындағы 116 гидротехникалық құрылыс бар. "Қазсушар" РМК-ның "Абай" филиалының мәліметінше, 2026 жылғы тасқын кезеңіне дайындық аясында жанар-жағармай қоры жасақталып, гидротехникалық нысандарды бекіту үшін құм, қиыршық тас және инертті материалдар жеткізілген.
"Су қоймаларындағы және өзендердегі су деңгейі тұрақты бақылауда болуы тиіс. Тасқын қаупі бар аймақтарда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыру қажет. Барлық шара халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталуы керек", - деді Берік Уәли.
Жиын қорытындысында аймақ басшысы қала және аудан әкімдеріне қарды уақытылы шығару, су арналары мен арықтарды тазарту, қорғаныс бөгеттерін тексеріп, нығайту, қауіпті учаскелерде күштер мен құралдарды жоғары дайындыққа келтіру жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Фото: жасанды интеллект арқылы
