Абай облысында "Қаладан ауылға" жобасы ауыл тұрғындарын тұрақтандыруға және елді мекендерге жаңа тұрғындарды тартуға бағытталған. Жоба шарты, міндеті және сайт та жасалып жатыр деп хабарлайды Arnapress.kz
"Қаладан ауылға" пилоттық жобасы жайлы анық-қанығын білу үшін осы жоба бойынша құрылған жұмыс тобының мүшесі Қанат Тұрармен байланысқа шықтық. Айтуынша, бастаманың негізгі мақсаты - ауылдардағы халық санын арттыру, мектептерді балаға толтыру және кадр тапшылығын азайту.
"Жобаны әзірлеу барысында мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау тетіктерін тиімді пайдалану жолдары қарастырылған. Атап айтқанда, "Дипломмен ауылға" бағдарламасы аясында сұранысқа ие медициналық мамандарға, мұғалімдер мен әлеуметтік қызметкерлерге біржолғы көтерме жәрдемақы беріледі. Сонымен қатар ауылдық жерлерде бюджеттік кредит пен баспана алу мүмкіндігі қарастырылған. Бұдан бөлек, жұмыс күші ұтқырлығын арттыру бағдарламасы шеңберінде оңтүстік өңірлерден және басқа аймақтардан көшіп келетін отбасыларға қолдау көрсетіледі. Жастар практикасы мен қоғамдық жұмыстар да осы жоба аясында қамтылмақ", - дейді Қанат Тұрар.
Жоба аясында кәсіпкерлікті дамыту бағытында “Ауыл аманаты” бағдарламасы ұсынылады.
“Бағдарлама 2,5 пайызбен несие беруді көздейді, алайда кепілзат талап етіледі. Ал кепілсіз берілетін “Тауарлық несие” аясында “100 қой” жобасы енгізілген. Бұл бастама ауыл шаруашылығымен айналысуға ниетті азаматтарға кемінде 100 қой беріп, кәсібін бастауға мүмкіндік жасауды көздейді. Жобаға қолдау білдірген фермерлер саны артып келеді. Сонымен қатар фермерлер үшін несие алу шарттарын жеңілдету мәселесі де қарастырылуда. Ауылдық округтерге көшіп барған отбасыларға жергілікті шаруа қожалықтары демеушілік көрсетуге дайын. Кейбір әкімдер баспанамен қамту, мал беру және жұмысқа орналастыру жөнінде ұсыныстар білдірген”, - деді Қанат Тұрар
Қазіргі таңда жобаны жетілдіру мақсатында auylga.kz доменімен арнайы сайт ашу жоспарланып отыр.
"Платформада қай ауылға қандай маман қажет екені, қай елді мекендерде мектептерге бала жетіспейтіні, қандай шаруашылықтарға жұмыс күші керек екені және ұсынылатын жағдайлар туралы ақпарат жарияланады. Әр ауданнан жауапты мамандар бекітіліп, олардың байланыс нөмірлері де сайтта көрсетіледі", - деп тоқталды “Қаладан ауылға" жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының мүшесі Қанат Тұрар
Жоба авторлары бұл бастама ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді деп сенеді.
Фото: жасанды интеллект арқылы
