Семейдегі “Абай атындағы театр” коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынның жаңа директоры тағайындалғаны белгілі. Өңірдегі өнер ордасының бүгінгі ахуалы мен алдағы жоспары жайында білу үшін Arnapress.kz тілшісі театр басшысы Нартай Сарсенбаевтың жұмыс орнына барып, тілдесіп қайтты.
Нартай Сарсенбаев қазақ кино әлеміне жаңа леп әкелген “Құнанбай”, “Ұлы дала таңы”, “Ахмет. ұлы ұстаз” сынды фильм, сериалдарда басты рөлді шебер сомдап, өзгеше қырынан танылды. 27 жылдық еңбек өтілі бар білікті маман. Актер, жазушы, драматург, аудармашы, тележүргізуші, сондай-ақ, дубляж актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абай топырағына Астанадан Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрынан келген.
“Семейдей қасиетті мекенге, Абай топырағындағы театрға басшылық ету туралы ұсыныс түскенде, шынын айтсам, бойымда қорқыныш болды. Себебі, мен Ұлттық театрдан келдім, ол жақтағы ахуал мүлде бөлек. Ал, Абай облысы 30–40 жыл бойы шетқақпай көріп келді. Облыс болып қайта құрылғаны кеше ғана, сондықтан көп дүние кенже қалған. Мысалы, бұл театрға соңғы кәсіби маман 1994 жылы келген екен. Абай мен Мұхтардың елінде театрға басшылық ету – үлкен жауапкершілік”, - дейді театр басшысы.
Қазіргі таңда ең өзекті мәселе Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрының ғимаратында бір мезетте үш шығармашылық ұжым - Абай театры, "Дариға-ай" жастар театры және Ф.М. Достоевский атындағы орыс драма театры бір кеңістікте жұмыс істеп отырғандығы.

“Бір ғана ғимаратта үш ұжымның қатар отыруы, бұл шығармашылық үдерісіне тікелей кері әсер етеді. Жалпы, жұмыс істеп отырған театрға келіп, оны басқарып, нәтиже көрсету қиын болады. Ал, кем-кетігі бар, қиындықтарда тұрған театрға келіп істесең жұмысың көрінеді деген ойым бар. Жұмыс алда, үміт зор. Актерлердің көңіл-күйі де облыстың жалпы жағдайымен үндесіп жатқандай. Ұзақ жылдар бойы жетімдік күйді бастан өткерген ортада олар да үлкен талап қоя алмай қалған. Басшы ретінде сол әртістердің жүрегіндегі үміт отын қайта жағу – менің басты мақсаттарымның бірі. "Бұл жағдаймен өмір тоқтап қалмайды. Жаңа, жарқыраған ғимаратқа кіресіздер, қалаған спектакльдеріңізді қоясыздар", - деген сенімді оларға сіңіргім келеді. Театрға Құдайдың да, биліктің де назары түсті”, - дейді Нартай Сарсенбаев толғанып
Мақсатым артымнан жақсы сөз еріп, абыройлы іс атқарып, өзімді жақсы жағынан еске алатындай қызмет ету дейді жаңа басшы
“Мен бұл жерде мәңгі қалмаймын. Өз миссиямды орындап, кеткеннен кейін келесі басшылар «осы театрда бір директор осындай істер жасап кеткен екен» деп риза болса, мақсаттың орындалғаны сол. Сонымен қатар негізгі труппаның кәсіби деңгейін көтеру – басты міндетім. Бұл ортаға 1994 жылдан бері Т.Жүргенов академиясының түлегі келмеген. Театр өз қазанында өзі қайнап қалған. Қалыптасқан мектебі бар кәсіби мамандарды сырттан тарту қажет”, - деп баяндады кейіпкеріміз.
Алдағы уақытта Астана мен Алматыдағы өнер оқу орындарымен ғана шектелмей, бүкіл Қазақстан бойынша кастинг жарияланатынын, сондай-ақ жыл сайын шетелдік гастрольдерді жоспарлап отырғанын атап өтті.
“Бүгінде еліміздегі барлық театрлар облыстық бюджет арқылы қаржыландырылады. Қандай қойылым қойылады, оған қанша қаражат бөлінеді – бәрі облыс шешіміне байланысты. Мысалы, «Бөрте» спектакліне бір қойылым үшін 240 миллион теңге бөлінді. Өнер мен руханиятқа қаржыны аямау керек. Оның қайтарымы – халықтың рухани дағдарыстан шығуы”, - деп сөз соңында театр басшысы, халықты рухани баюға, тетарға барып тұруға ұсыныс тастады.
Гүлнұр Ахметжан
Фото: Arnapress.kz
