Қазақстанның негізгі туристік бағыттарына апаратын автомобиль жолдары жазғы маусымға дайын. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігі ұсынған жол нұсқаулығында айтылды, деп хабарлайды Arnapress.kz
Министрлік мәліметінше, Бурабай, Зеренді, Қарқаралы, Баянауыл, Балқаш және Алакөл секілді танымал демалыс орындарына баратын негізгі бағыттарда көлік қозғалысына қолайлы жағдай жасалған.
Бурабай курорттық аймағына "Астана - Петропавл" тасжолы арқылы жетуге болады. Ал Зерендіге "Көкшетау - Атбасар" және "Щучинск - Зеренді" автомобиль жолдары апарады.
Қарқаралы бағытына өткен жылы жөндеуден өткен "Қарағанды – Қарқаралы" республикалық маңызы бар жол арқылы қатынауға мүмкіндік бар. Баянауыл шипажайы болса "Қалқаман - Баянауыл - Ботақара" автожолының бойында орналасқан.
Балқаш көліне екі бағыт арқылы жетуге болады. Негізгі бағыт - "Қарағанды - Алматы" тасжолы. Сонымен қатар көлдің оңтүстік-шығыс жағалауына "Алматы - Өскемен - Лепсі - Ақтоғай" жолы арқылы баруға мүмкіндік қарастырылған.
Ал Алакөлге солтүстік жағалау бағытында "Таскескен - Бахты" және "Мақаншы " Қабанбай" жолдары арқылы жетуге болады. Көлдің оңтүстік жағалауына реконструкцияланған "Үшарал - Достық" автожолы апарады.
Көлік министрлігі туристерге сапар алдында маршруттарын алдын ала жоспарлап, жол қауіпсіздігі талаптарын сақтауға кеңес береді.
Фото: ЖИ
