Кездейсоқ сұхбат барысында қоғамдық көлік жүргізушілерінің көпшілік біле бермейтін бірқатар мәселелері белгілі болды деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі.
Таңның атысы, кештің батысына дейін рөл тізгіндеп, халыққа қызмет көрсетіп жүрген автобус жүргізушілерінің еңбегі қашанда ерен. Күн сайын жүздеген жолаушыны діттеген жеріне жеткізу – үлкен жауапкершілік. Алайда кейде автобус тоқтамай өтті, не кестеден кешікті деген сынды сындар жиі айтылады. Ал сол сәттерде жүргізушілердің өздері қандай жағдайда жұмыс істеп жүргені көп жағдайда елеусіз қалып жатады.
Arnapress тілшісіне өз шағымын жеткізген қоғамдық көлік жүргізушісі қауіпсіздік мақсатында есімін атамауды өтінді. Оның айтуынша, жұмыс кестесінде түскі асқа берілетін уақыт жеткіліксіз. Мәселен, кейбір бағыттарда сағат 12:26-дан 13:09-ға дейін, яғни небәрі 43 минут қана қарастырылған. Бұл уақыттың өзінде соңғы аялдамаларда әжетхананың болмауы жүргізушілер үшін үлкен қолайсыздық туғызып отыр.
Сонымен қатар, жүргізуші еңбекақы мәселесін де көтерді. Айтуынша, жалақы кейде уақытында төленбей, бір айдың жалақысы үш бөлікке бөлініп берілген жағдайлар да болған. Бұл отбасының күнделікті тұрмысына салмақ түсіретінін жасырмады.
Автобус жүргізушісі қала басшылығынан аталған мәселелерге назар аударуды сұрап, қала әкіміне жағдайды өз көзімен көріп, қадағалауға алса деген өтінішін жеткізді.
Жолаушылар қауіпсіздігі мен қоғамдық көлік қызметінің сапасы тікелей жүргізушілердің еңбек жағдайына байланысты екенін ескерсек, бұл мәселелердің назардан тыс қалмауы маңызды.
Гүлнұр АХМЕТЖАН
Фото: Arnapress.kz
