
Миністрлік азаматтармен және ұйымдармен өзара іс-қимылдың жаңа форматына көшуде. Ел астанасында Қазақстан Республикасының Сырткы істер миністрлігі мен отандық IT-шешімдер әзірлеушісі "АрқСөфт" ЖШС арасында консулдық қызметтердің жұмысын автоматтандыруға және өтініштерді қарау үдерісінің ашықтығын арттыруға бағытталған "Сырткы саяси сервистердің бірыңғай цифрлық платформасын" құру туралы Меморандумға қол қойылды.
Бастаманың негізгі мақсаты – сыртқы саяси ведомство, шетелдік мекемелер және сыртқы пайдаланушылар арасындағы тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін біртұтас цифрлық ортаны қалыптастыру. Құжатта көрсетілгендей, жаңа жүйені енгізу өтініштерді қарау мерзімдерін қысқартуға және сұраулардың жоғалу тәуекелдерін барынша азайтуға бағытталған. Бұл сыртқы саясат саласында "Еститін мемлекет" тұжырымдамасын іске асыру жолындағы маңызды қадам.
Меморандум аясында "Сыртқы саяси сервистердің бірыңғай цифрлық платформасы" ақпараттық жүйесін әзірлеу, апробациялау және енгізу жоспарлануда. Жоба тек техникалық жаңғыртуды ғана емес, сонымен қатар қолданыстағы бизнес-процестерді қайта қарауды және оларды оңтайландыруды көздейді.
Жаңа платформа дипломатиялық қызмет пен азаматтардың өзара іс-қимылын түбегейлі өзгертуге бағытталған бірегей жобаға айналды. Жаңа жүйе тек техникалық құрал ғана емес, дипломаттар мен өтініш берушілер арасындағы сенімді нығайтатын ашық коммуникациялық көпір болмақ.

Стратегиялық пайым: Жүйеліліктің мәні
Жобаның маңыздылығына тоқталған "АрқСөфт" ЖШС Бас директоры компанияның негізгі миссиясын былайша түсіндірді:
"Біздің алдымызда тұрған басты міндет – бюрократиялық кедергілерді жойып, мемлекеттік қызмет көрсету үдерісін барынша адамға бағытталған (human-centric) форматқа көшіру. Жаңа платформа дипломаттар үшін де, өтініш берушілер үшін де теңдей ыңғайлы құралға айналады. Біз тек бағдарламалық өнімді ғана емес, заманауи басқару мәдениетін ұсынып отырмыз. Бұл жүйе арқылы әрбір өтініш беруші мемлекеттің қамқорлығын сезінеді, ал қызметкерлер техникалық жұмыстарға алаңдамай, мазмұнды мәселелерге көбірек уақыт бөле алады", – деп атап өтті компания басшысы.
Техникалық архитектура: Платформа қалай жұмыс істейді?
Жүйенің ішкі құрылымы мен техникалық ерекшеліктері туралы "АрқСөфт" компаниясының жетекші техникалық маманы толығырақ ақпарат берді. Оның айтуынша, платформаның сәулеті бірнеше дербес, бірақ өзара тығыз байланысқан модульдерден тұрады.
"Біздің техникалық жоспарларымызға сәйкес, жүйе үш іргелі блоктан құралған. Бірінші кезекте, азаматтар мен заңды тұлғаларға арналған "Өтініш берушінің жеке кабинеті" іске қосылды. Мұнда әрбір қолданушы өз өтінішінің мәртебесін нақты уақыт режимінде қадағалап, құжаттың қай сатыда тұрғанын көре алады. Бұл ақпараттық белгісіздікті толық жояды", – деді маман.
Техникалық маман сонымен қатар ішкі үдерістерді басқарудың жаңа тетіктеріне де тоқталды:
"Платформаның жүрегі – маршрутизация модулі. Ол түскен тапсырмалардың орындалуын қатаң бақылауға алып, оларды орындаушылар арасында автоматты түрде бөлуді қамтамасыз етеді. Бұл еңбек ресурстарын оңтайландыруға және жауапкершілікті дербестендіруге мүмкіндік береді. Ал басшылық құрам үшін біз аналитикалық блокты дайындадық. Бұл блок елдер, өтініш түрлері және орындалу мерзімдері бөлінісінде егжей-тегжейлі статистиканы ұсынады. Басқарушылық дашбордтар арқылы кез келген уақытта жүйедегі "тар жерлерді" анықтап, жедел шешім қабылдауға болады".
Болашаққа бағдар
"АрқСөфт" әзірлемесі цифрлық дипломатия саласындағы жаңа стандарттарды белгілейді. Аналитикалық блоктың көмегімен жиналатын деректер болашақта мемлекеттік саясатты жоспарлауға және қызмет көрсету сапасын үздіксіз жақсартуға негіз болмақ. Жүйедегі деректердің қорғалуы мен өңделу жылдамдығы халықаралық талаптарға толық жауап береді.
Қорыта айтқанда, "АрқСөфт" компаниясы ұсынып отырған платформа – бұл жай ғана автоматтандыру емес, бұл мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен тиімділігінің жаңа кепілі. Алдағы уақытта жүйенің функционалы кеңейіп, жасанды интеллект элементтерін енгізу арқылы сервистің зияткерлік деңгейі арта түспек.
Сервистің қолжетімділігіне ерекше назар аударылған: платформаның интерфейсі көптілді болып, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін қолдайды. Сондай-ақ министрліктің қолданыстағы ақпараттық жүйелерімен интеграциялау және ведомствоаралық өзара іс-қимыл қарастырылған.
Меморандум шарттарына сәйкес, әзірлеуші – "АрқСөфт" ЖШС бағдарламалық өнімге айрықша құқықты өзінде қалдырады, алайда Миністрлікке мемлекеттік функцияларды орындау үшін жүйені өтеусіз пайдалану құқығы беріледі. Мұндай тәсіл мемлекетке әзірлеу кезеңінде бірден қаржылық міндеттемелер туындатпай, озық технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.
Тараптар техникалық тапсырма мен жоба архитектурасын келісумен айналысатын бірлескен жұмыс тобын құруға уағдаласты. Жүйені пилоттық тестілеу Миністрліктің таңдап алынған құрылымдық бөлімшелерінде өтеді, онда қызметкерлер арнайы оқытудан өтеді.
Жобаның табысты болуына технологиялық серіктесті таңдаудың өзі сенім ұялатады. "АрқСөфт" компаниясы GovTech саласында жаңадан келген ойыншы емес. Әзірлеушілердің қоржынында мемлекеттік процестерді цифрландыру бойынша ауқымды тәжірибе және өзге миністрліктер мен ведомстволармен бірлесіп жүзеге асырылған ірі жобалар бар.
Отандық IT-сектордың нақты өзгерістердің драйверіне айналып, мемлекеттің неғұрлым мобильді, ашық және азаматтарға қолайлы болуына үлес қосып отырғаны қуантады. Бұл – технологиялар мен көпжылдық тәжірибе бірігіп, азаматтардың өмірін жеңілдетіп, мемлекеттік қызметтерді қолжетімді ете алатын синергияның айқын үлгісі.
Гульсум СЕРДАЛИЕВА
