Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті ҰҚК департаментімен бірлесіп, прокуратураның үйлестіруімен "Экспресс Займ" микроқаржы ұйымында азаматтарды жаппай алдау дерегін анықтады, деп хабарлайды Arnapress.kz агенттікке сілтеме жасап.
Заңсыз әрекет еліміздің 18 өңірінде жүзеге асырылған. Тергеу мәліметінше, 2024 жылдың тамызынан бастап ұйым микрокредит алушыларға ақылы кеңес беру қызметін ұсынған. Оның құны қарыз сомасына қарай есептеліп, негізгі берешекке қосылған.
Клиенттерге бұл қызмет ақысын төлемейінше микрокредит алу немесе қарызды өтеу мерзімін ұзарту мүмкін еместігі айтылған. Алайда қызметтен бас тартуға болатыны түсіндірілмеген.
Осының салдарынан азаматтар қолына тиесілі сомадан аз ақша алғанымен, қарызды толық көлемде, сыйақысымен бірге қайтаруға міндеттелген. Ал микрокредит мерзімі ұзартылған сайын ақылы кеңес беру қызметі қайта рәсімделіп отырған.
Тергеу барысында 43 мың азаматпен осы қызметке қатысты 181 мыңнан астам шарт жасалғаны анықталды.
Қазіргі уақытта микроқаржы ұйымы директорының орынбасары үйқамаққа алынған. Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеудің өзге мәліметтері жария етілмейді.
Фото: Жасанды интеллект арқылы
