Лента новостей

Алматыдағы алтын шаштың иесі: ерекше тағдыр иесі Алтыншаш апаның ғұмыры

алтын  шаш,  ерекше жан, 87 жаста

Алматы облысының тумасы, бүгінде 87 жасқа келген Алтыншаш Сариева  - тағдырлы ғұмыр кешкен, тәубесі мен төзімі қатар өрілген ерекше жанмен Arnapress.kz тілшісі сұхбаттасып, тілдесті.

Ол 1940 жылы Алматы облысы, Горный Гигант ауылында дүниеге келген. Бала күнгі естеліктері де ерекше. Айтуынша, кішкентай кезінде тілі шықпаса да, жүріп-тұратын болған. Үйде жалғыз қалып, есікті сыртынан тіреп кеткен сәттерде өзін бір тылсым күш қорғаштап жүргенін сезінгенін айтады. 

“Анам емшілік қасиеті бар кісі болған. Дүниеге келген сәтте менің жылтылдаған бір уыс алтын түсті шашымды байқап, есімімді Алтыншаш деп қойған екен. Бір жас алты айлығымда әкем соғысқа аттанады. Анам екеміз Кеміртоғанға нағашы әжемнің қолына көшіп келдік. Апамның бауырында, мейірім мен тәрбиесін көріп өстім”,- дейді кейіпкеріміз Алтыншаш апа.

Алтыншаш Сариева өмір бойы шашын кестірмеген. Анасы да қайшы тигізбеген екен. Жас ұлғайған шағында, 84 жасында, шөбересі телефонға түсірген видеоны көріп отырып, бала күніндегі алтын шашы есіне түседі. “Күн сәулесі түссе, шашым қып-қызыл болып құбылып тұратын. Алайда бір сәттік өкінішті сөзі өміріме өзгеріс әкелгендей болды. Шашым алдыма түсе берген соң, ренжіп “осы шашым бәле болды” деп артыма лақтырып жібергенмін. Арада екі апта өткенде шашым түсе бастайды. Бұрын бір тал ақ кірмеген қап-қара шашым әп-сәтте ағарып кетті. “Шашым ренжіді” деп ойладым, кейін оны сипап, жақсы сөз айтып едім, содан кейін шашы қайтадан қарая бастады. Қазір де ақ шашы аралас болғанымен, қолымды тигізсем, қарайып кетеді”,- деді кейіпкеріміз.

Алтыншаш апа бес уақыт намазын қаза етпей, жыл сайын оразасын ұстап келеді. 83 жасында қасиетті сапарға барып, Умра қажылығын өтеп қайтқан. Содан бері де шүкіршілігін айтып, тәубесін тілінен тастамаған. Сегіз қыз тәрбиелеп өсірген ана бүгінде немере-шөбере сүйіп отыр. Оның айтуынша, бойындағы ерекше қасиет тек өзіне ғана емес, ұрпағына да дарыған.  Көпшілік те Алтыншаш апаның шашын көріп, жылы лебізін естіген соң, жолы ашылғанын, жұмысы оңалғанын айтып жатады екен.

Ғасырға жуық ғұмыр кешкен Алтыншаш апаның өмір жолы – сенім мен сабырдың, аналық мейірім мен тылсымға толы тағдырдың бір көрінісі. Қазіргі күні өте ширақ, өз жасынан жас көрініп, тойға барып, ән айтып, билеп ортаны қыздырып жүр.

Фото: кейіпкерімізден

Просмотров (735)
ТопДок 1