Лента новостей

Абай облысы тағы бір батыр қариясымен қоштасты

Әбдіғали Қаймолдин

Соғыс ардагері Әбдіғали Қаймолдин 104 жасында дүние салды.

Соғыс шежіресінің соңғы куәгерлерінің бірі жарық дүниемен қоштасты, - деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі.

Облыс әкімі "Халық қаһарманы" Әбдіғали Қаймолдиннің қайтыс болуына байланысты ардагердің отбасына көңіл айтты

"2023 жылы Ұлы Жеңістің 78 жылдығына орай Мемлекет басшысының Жарлығымен оған "Халық қаһарманы" атағы беріліп, "Отан" ордені мен Алтын жұлдыз табысталды. Бұл – Әбдіғали ақсақалдың ерен ерлігіне, елге сіңірген еңбегіне берілген ең жоғары баға еді.

Азаматтық болмысы биік, ел мен жердің шынайы жанашыры болған тұлғаның жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады.

Марқұмның отбасы мен жақындарына, туған-туыстарына, ұрпағына және күллі Абай жұртына қайғырып көңіл айтамын", – деп жазды Берік Уәли әлеуметтік желілердегі парақшасына.

Әбдіғали Қаймолдин 1921 жылы 30 маусымда Семей облысының Абыралы ауылында дүниеге келген.

Соғыстың алғашқы жылы-ақ майданға аттанған. Ол танкке қарсы артиллерияда зеңбірекші, оқтаушы, кейіннен командир болған. Маршал А.М. Василевскийдің басшылығымен 1-ші Украина, 3-ші Беларусь, Балтық жағалауы майдандары мен Харьковті азат ету соғысына қатысқан. Кейіннен майдан шебіндегі ең қиын жерлерге жіберілетін артиллерия дивизиясында қызмет еткен.

1947 жылы құпия нысанды қорғау үшін Семей ядролық сынақ полигонына шақырылды. Әскери қызмет аяқталысымен партия және мемлекеттік органдарда жұмыс жасаған. Алдымен Семей облыстық КОКП комитетінде, кейін Жаңасемей және Новопокровка аудандық атқару комитеттерінде еңбек етті.

1977-1982 жылдары "Түрксіб" совхозының партком хатшысы болып жұмыс істеп, зейнеткерлікке шықты.

Жауынгерлік еңбегі үшін "Қызыл жұлдыз", "Ұлы Отан соғысы" ордендерімен, "Жауынгерлік еңбегі үшін", "Кенигсбергті алғаны үшін" және "1941-1945 жж ҰОС Германияны жеңгені үшін" медальдарымен марапатталған.

Сурет: Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі

Просмотров (2338)
ТопДок 1