Лента новостей

Абай облысының педагог-шеберлері: білім берудегі жаңа серпіннің көшбасшылары

педагог-шебер Гаухар Төлеубаева

Абай облысының педагог-шебер ұстазы министрмен кездесуге қатысты. 

Еліміздегі білім беру саласында көшбасшылық танытып жүрген педагог-шеберлер Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевпен арнайы кездесуге қатысты, - деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі облыстық Білім беру басқрамасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мұғалімдердің кәсіби дамуы мен жаңашыл бастамаларды қолдау мақсатында ұйымдастырылған бұл шараға Абай облысының өкілдері де белсене атсалысты.

Бүгінде Қазақстан бойынша 4 мыңға жуық педагог-шебер еңбек етуде. Бұл санат – мұғалімдер арасындағы ең жоғарғы кәсіби деңгейдің көрінісі. Кездесу барысында министр педагог-шеберлердің реформаларды жүзеге асырудағы рөліне тоқталып, олардың жаңашыл көзқарастағы көшбасшылар екенін атап өтті. Сондай-ақ, мұндай ұстаздардың тәжірибесін бүкіл республикаға тарату қажеттігін ерекше айтты.

Абай облысынан педагог-шеберлер онлайн форматта қатысып, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Облыстық инновациялық-әдістемелік орталықтың әдіскері, биология пәнінің мұғалімі, педагог-шебер Гаухар Төлеубаева кездесуде сөз сөйлеп, аймақта атқарылып жатқан бастамалар туралы баяндады.

– Абай облысының педагог-шеберлеріне жүктелген сенім – үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Біз бұл сенімді іспен дәлелдеудеміз. Қазір облыс көлемінде жүзеге асып жатқан "Мерейлі ұстаз" жобасы – кәсіби даму мен рухани кемелденуге жол ашатын тың бастама. Аталған жоба аясында 62 педагог-шебер әріптестерімен тәжірибе бөлісіп, сабақтар мен практикумдар өткізіп жүр. Бұл – шынайы нәтиже мен жүйелі жұмыстың жемісі, – деді ол.

Сонымен қатар, ол Абай облысының ұстаздары республикалық деңгейде де жоғары жетістіктерге жетіп отырғанын жеткізді. Атап айтқанда, мұғалімдер "Оқу & математикалық сауаттылық: табысты синергия" республикалық байқауында ІІ орынды иеленген.

Абай өңірінің педагог-шеберлері алдағы уақытта да білім беру ісіне жаңашыл көзқараспен үлес қоса беруге ниетті. Жаңалыққа жаны құмар, кәсібіне адал ұстаздар қауымы – өңірдің білім саласын алға сүйрейтін негізгі күш.

Сурет: 

Просмотров (2751)
ТопДок 1