Лента новостей

Абай облысында инвесторлар студенттерге жатақхана салуда

Бұл шешім бюджетке түсетін салмақты азайтып қана қоймайды, сонымен қатар студенттер үшін қазіргі және алдағы уақыттағы орын тапшылығы мәселесін әлдеқайда жылдам шешеді.

"Қаржы орталығы" АҚ бас маманы Қайсар Төлепбаев Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Абай облысында инвесторлар студенттерге жатақхана салып жатқандығын айтты, деп хабарлайды Arnapress.kz  тілшісі.

 Бағдарлама 2018 жылдан бері жүзеге асырылуда.

– 2018 жылдан бастап бағдарламаны оператор «Қаржы орталығы» АҚ жүзеге асыруда.  Бұл бағдарлама Қазақстанның барлық аймақтарында студенттерге арналған жатақхана салуға инвесторлар мен кәсіпкерлерді тартуды және орын тапшылығын жоюды көздейді.  Абай облысында орын тапшылығы 2600-ден асады, - деді Қайсар Төлепбаев.

Құрылысты инвесторларға беру туралы шешім университеттер жатақхана салу міндетін орындай алмаған соң қабылданған.

– Бағдарламаның оң әсері бар – бұрын жоғары оқу орындарына ақша бөлінгенде құрылыс баяу жүрді және шығыны көп болды.  Бұл жағдайда ғимарат инвесторларда қалады, бюджетке ауыртпалық түсірмейді, сонымен қатар орын тапшылығы шешіледі - деп қосты Қайсар Төлепбаев.

Алдағы уақытта Семейде жаңа жатақханалар бой көтереді. Бұл бағытта инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде.

 – Облысымыздағы медициналық университетке жатақхана салынады. Келесі жылы 1000 орындық ғимарат салу жоспарлануда.  Сонымен қатар, Семейдегі Бизнес және сервис колледжі студенттердің баспана қажеттілігін өтеу үшін инвестор тартты, мұнда 250-ге жуық орын жетіспейді,- деп түйіндеді сөзін Қайсар Төлепбаев.

Сурет: Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметі, pricom.kz

Просмотров (1536)
ТопДок 1