Лента новостей

“Өлең жаттаған түндер, үлкен жеңіске бастады”: "100 ӨЛЕҢ" байқауының жеңімпазымен сұхбат

100 өлең, байқау, жеңімпаз

VI республикалық “100 ӨЛЕҢ” көркемсөз оқу байқауында мыңдаған қатысушының арасынан суырылып шыққан жеңімпаз, автокөлік иегері Айгүл Бейсенбина додаға дайындық кезіндегі қиындықтары мен қызықтары жайлы айтып берді, деп хабарлайды Arnapress.kz 

Биылғы байқаудың бас жүлдесін Астана қаласы әкімдігінің №107 жалпы орта білім беретін мектебінің директоры, педагог-шебер, Ыбырай Алтынсарин төс белгісінің иегері Айгүл Бейсенбина иеленді.

Айгүл Базарбайқызы 100 күн ішінде қазақ ақындарының 100 өлеңін жаттап, нағыз көркемсөз оқу шеберлігін көрсетті.

“Биылғы “100 ӨЛЕҢ” байқауы ауқымымен де, қатысушылар құрамының ерекшелігімен де есте қалды. Жобаға еліміздің әр өңірінен 3000-нан астам қатысушы тіркелді. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болған 35 қатысушы ақтық сынға жолдама алдық. Финалда 3 кезеңнен тұратын сайыстан өттік. Бірінші кезеңде әр қатысушы қоржыннан үш өлеңді жеребемен таңдап алып, мүдірмей оқу керек. Осы кезеңнен 16 адам өттік. Екінші кезеңде ақындар өлеңдердің кез келген жерінен бір тармағын оқиды, келесі тармағын жалғастырып, авторымен атау қажет болды. Ол кезеңнен 8 адам өттік. Соңғы сайыс “Шаппа шап” кезеңінде бір-біріне кез келген өлеңнің тармағын жасырып, шатастыру қажет болды”, - дейді Айгүл Базарбайқызы.

Алматы қаласында өткен байқаудың басты ерекшелігі - оған қатысушылардың жасына, мамандығына немесе қызметіне шектеу қойылмауында. Негізгі талап - ұйымдастырушылар бекіткен 100 өлеңді 100 күн ішінде жаттау керек. Айгүл Базарбайқызы өлеңдерді 45 күнде жаттап, 55 күн қайталап, дайындық кезіндегі қызықтарымен бөлісті. 

“Финал сахнасында әртүрлі сала өкілдері өнер көрсетті. Олардың қатарында физик, математик, географ, металлург, ақын, филолог, айтыскер, мұғалім, студент пен мектеп оқушылары да болды. Студенттер мен оқушылардың уақыты көбірек болды деп ойлаймын.  Үш ай бойы демалыс дегендей. Ал, менде қарбалас боп кетті. Жылдың соңы, есеп беру, емтихан, мектептің жөндеу жұмыстары, жаңа оқу жылына дайындық, оқу-тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру, мектеп ұжымының жұмысын үйлестіру деген сияқты жұмыстарым көп болды. Өте қиын болды. Қолым сәл босай қалса, тамақ ішіп отырып та өлеңдерді қайталап, уақытымды босқа жібермейтінмін. Үйге кеп ұйықтағанға дейін өлең жаттап жүрдім. Туыстармен араласудан қалдым, жақындарыммен сөйлесуден қалдым. Себебі, уақыт аз болды. Маған қалай да жаттау керек болды. Мақсатыма жету керек болды. Әрине отбасым түсініп, қолдады. Жаттағандарымды тыңдады. Тыңдаудың өзі оңай емес, оларға күніне бірнеше рет оқып беріп, өздері де жаттап алды. ⁠Жақсы жаттаған өлеңімді оқушы қызбен жарысып шатасқан сәтім бар. Өйткені “Бір махаббаттың хикаясы” деген 9 бөлімнен тұратын шығарма. Одан шатасамын деп ешқашан ойламағанмын, өйткені отбасым, бауырларым, достарым - бәрі бұл өлеңді біледі. Бәріне айтып бергенмін. Сол өлеңнің бір бөлімін екі рет жасырады. Мен қобалжып шатастым. Тіпті, сол шығарманы тыңдаған ұлым: “Жарас деген жақсы жігіт емес екен, істеген тірлігі дұрыс болмаған екен”, -деп, талдайтынбыз”, - дейді Айгүл Бейсенбина қызықтарымен бөлісіп. 

Поэзияны жастайынан жанына жақын тұтып, жүрегіне серік еткен кейіпкеріміз бүгінде шәкірттеріне өлең үйретуден, жыр жаттатудан жалыққан емес. Өзі сүйіп, жанын салып үйреткен өнердің жемісі де қашанда нәтижелі болмақ. Ұстаз еңбегінің ең үлкен бағасы – шәкіртінің жетістігі. Осы орайда Айгүлдің шәкірттері де талай биікті бағындырып, түрлі байқауларда топ жарып, өздерінің өнерімен биіктерден көрініп жүр.

“⁠Өлең -жүректің сыры, көңілдің мұңы. Жүрегің нені қаласа, өлеңнен соны табасың. Рухани байи түсесің. Өлең - сыршыл дос. Өлеңнің мәнін ұғасың. Өткенің мен болашағыңа ойланып қарайсың. ⁠Мұхтар Шаханов пен Қадыр Мырза Әлі шығармаларын сүйіп оқимын. Олардың шығармалары махаббат пен ұлттық кодтың, отаншыл сананың жарқын көрінісі деп білемін.
Бірнеше жыл бұрын Пармешов Елдос деген оқушымды 5 сыныптан бастап поэзияға  дайындадым. Республика бойынша 3-орын иеленді, Тағы бір оқушым 1-орын алды. Сол Елдосқа Қадір Мырза Әлінің “Бақыт” өлеңін бірге жаттағанда “мәнеріңе бояу қос, сезініп оқы” деп бақыттың мәнін түсіндіріп, өлеңнің әрбір тармағын талдағанымыз есіме түсіп, толқыдым. Сол оқушымның әжесі де батасын беріп, жанкүйер болды. Жыр сүйетін шәкірттерім өте көп, тіпті зерттеп, ғылыми жұмыстар да жазған”, - дейді Айгүл Базарбайқызы

Айгүл Базарбайқызы уақыттың тығыздығына, жұмыстың көптігіне қарамастан, кездескен қиындықтарға мойымай, орта жолдан қол сілтемей, өзіне деген сенімінің арқасында осындай үлкен жетістікке жетті. Бұл жеңіс - тынымсыз еңбектің, табандылықтың және поэзияға деген шынайы сүйіспеншіліктің жемісі.

Assyltas қоғамдық қоры ұйымдастырған “100 ӨЛЕҢ” - қазақ поэзиясын дәріптеп, мыңдаған адамды сөз өнерінің әлемімен қауыштырған ерекше рухани-әдеби жоба. Алтыншы рет ұйымдастырылған дәстүрлі байқау биыл да талай жанға шабыт сыйлап, қазақ жырына деген қызығушылықты арттыра түсті. Алдағы уақытта да жалғасын табатын жоба төл әдебиетіміздің асыл мұрасын насихаттап, өлеңнің қадірін ұрпақ санасына сіңіруге өз үлесін қоса бермек.

Сұхбаттасқан: Гүлнұр Ахметжан

Фото: Айгүл Базарбайқызынан

Просмотров (354)
ТопДок 1