Биыл "Жас сарбаз" әскери-патриоттық қозғалысының құрылғанына төрт жыл толды, деп хабарлайды Arnapress.kz Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осыған орай Семей гарнизондық офицерлер үйінде "Отан. Әскер. Жас сарбаз" әскери-патриоттық форумы өтті. Шараға мұрындық болған "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы мен Абай облыстық білім басқармасы. Мерейлі кешке облыс аумағынан жалпы саны үш жүзге жуық оқушы қатысты.
Форумда облыстық "Алау" әскери-спорттық ойынының жеңімпаздары мараппатталды. Тәрбиелік кешке қатысушылар үшін офицерлер үйіндегі музей есігі айқара ашылып, ашық алаңда сан түрлі қару-жарақ пен әскери құрылғылар көрмесі ұйымдастырылды. Шара соңы "Шығыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери көркемөнерпаздардың "Отаныма қызмет етемін" мерекелік концерттік бағдарламасымен мәресіне жетті.
"Шара мақсаты – "Жас сарбаз" әскери-патриоттық қозғалысын дамыту арқылы ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру, сондай-ақ патриоттық тәрбие жұмысын жандандыру. Әскери-патриоттық қозғалысы беретін тағылым – жастардың отансүйгіштік рухын асқақтатып, өз елінің нағыз қорғаушысы болуды көздейді", – дейді Абай облыстық білім басқармасының өлкетану және әскери-патриоттық бағытындағы меңгерушісі Болат Құрманов.
Фото: Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі