Лента новостей

Семейде сегіз ұрлыққа қатысы бар күдікті ұсталды

ұрлық, дерек, ұсталды

Семей қаласында полиция қызметкерлері Восточный кенті аумағында жасалған бірнеше мүліктік қылмысты ашты, деп хабарлайды Arnapress.kz департаментке сілтеме жасап.

Тергеу барысында сегіз ұрлық дерегіне қатысы бар деген күдікпен 42 жастағы қала тұрғыны ұсталды.

Полицияның мәліметінше, құқық қорғау органдарына тұрғындардан жеке үйлерден, шаруашылық құрылыстарынан, гараждардан, салынып жатқан үйден, кілем жуу цехынан мүліктің ұрланғаны, сондай-ақ тұрғын үй ауласынан велосипедтің қолды болғаны туралы сегіз арыз түскен.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында бұрын бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған күдікті анықталып, ұсталған. Тергеу нұсқасы бойынша, ол 2025 жылдың қарашасы мен 2026 жылдың мамыры аралығында Восточный кентінде бірнеше ұрлық жасаған.

Алдын ала мәліметке сәйкес, күдікті нысандарға аспалы құлыптарды бұзу, есіктерді сындыру, пластик терезелерді күштеп ашу немесе еркін кіру мүмкіндігін пайдалану арқылы кірген.

Ұрланған заттардың қатарында құрылыс құралдары, теледидар, электр құралдары, PIT маркалы бензин арасы және Demix маркалы велосипед болған. Келтірілген жалпы материалдық шығын 770 мың теңгеден асады.

Тергеу барысында күдікті өз кінәсін мойындаған. Ұрланған мүліктің басым бөлігі тәркіленіп, заттай дәлел ретінде тіркелді.

Қазіргі уақытта барлық дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Абай облысы Полиция департаменті тұрғындарды мүліктерінің қауіпсіздігіне мұқият қарауға шақырады. Полицейлер кіреберіс есіктері мен құлыптарды күшейтіп, бейнебақылау және дабыл жүйелерін орнатуға, сондай-ақ күмәнді адамдарды байқаса, дереу полицияға хабарлауға кеңес береді.

Фото: ЖИ

Просмотров (254)
ТопДок 1