
Облыс әкімі байқаудан жүлделі оралған театр актерлеріне құрмет көрсетті.
Семейдің театр актерлері халықаралық фестивальдерде жеңіс тұғырынан көрінді, - деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Семейдегі Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрының құрамындағы "Дариға-ай" жастар театры Ұлытау елінде, Жезқазған сахнасында Жанат Хаджиев атындағы IV халықаралық театр фестивалінде өнер көрсетіп, Оралхан Бөкейдің "Өз отыңды өшірме" спектаклімен бас жүлде және "Үздік спектакль" номинациясына ие болды.
Ал, Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрының ұжымы Жетісу жерінде, Талдықорған төрінде өткен Қазақ КСР-нің халық әртісі Бекен Римова атындағы "БИКЕН FEST" III халықаралық театр фестивалінде "Абай айтқан "Еңлік-Кебек" спектаклімен бас жүлдені жеңіп алды.
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли халықаралық фестивальде қос бірдей қомақты жүлдеге қол жеткізген театр актерлерімен кездесті. Аймақ басшысы кездесуде өнер ұжымдарын жетістіктерімен құттықтап, Алғыс хат табыс етіп, алдағы еңбектеріне сәттілік тіледі.
"Осы аптада Абай облысының мәдениетінің абыройын асырып, екі театрымыз бірдей бас жүлдені жеңіп алды. Облысымыздың тарихында болған емес. Өңіріміздің мерейін көтерген Сіздерге облыс жұртшылығының атынан ерекше алғыс білдіремін. Бұл жеңіс – театр ұжымының кәсіби шеберлігі мен тынымсыз еңбегінің, өнерге деген адалдығының айқын дәлелі. Президентіміз Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысында «Семейде бір ғимаратта үш бірдей театр сығылысып отыр. Әсіресе, аймақтарда театрларды салуға және дамытуға баса назар аудару керек» екенін атап өткені баршамызға белгілі. Осы орайда Сіздер бір шаңырақ астында үш бірдей ұжым қысылып отырғанына қарамастан өз шеберліктеріңізді дәлелдеп, ерен еңбектің үлгісін көрсеттіңіздер. Алдағы еңбектеріңізге жаңа белестер мен шығармашылық табыс тілеймін", - деді облыс әкімі.
Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрының ұжымы аймақ басшысына өнер ордасына, актерлерге көрсетіп жатқан қолдауы үшін алғыстарын жеткізді. Айта кетейік, қазіргі уақытта облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа театр ғимаратына ағымдағы жөндеу жүргізіліп жатыр.
Сурет: Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі