Лента новостей

Семейде “Күз-2025” жас сарбаздарды әскерге шақыру науқаны басталды

әскерилер, сап

Бұл Абай облысының жас сарбаздарын шығарып салуға арналған алғашқы салтанатты рәсім.

ҚР ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен Семей қаласындағы Жеңіс саябағында “Күз-2025” әскерге шақыру науқаны ресми түрде басталды, - деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі департамент баспасөзінің қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараға Абай облысы әкімінің орынбасары, облыстық әскерге шақыру комиссиясының төрағасы Мейірлан Ақылбекұлы Раханов, Абай облысы қорғаныс істері департаментінің бастығы полковник Руслан Омаров, ҚР ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары полковник Анвар Бахтиярович Рахматуллаев, тәрбиелік, идеологиялық және кадрлық жұмыстар басқармасының бастығы подполковник Айдын Амангельдыевич Чуримбаев, “Застава тарландары” республикалық ардагерлер бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы, запастағы подполковник Анарбек Еркінұлы Еркешов, “Аналар жүрегі” сарбаз аналар комитетінің Абай облыстық филиалының жетекшісі Айнур Баяхметовна Татерова, сондай-ақ сарбаздардың ата-аналары қатысты.

Алғашқы құттықтау сөзді облыс әкімінің орынбасары Мейірлан Ақылбекұлы Раханов айтты. Ол өз сөзінде:

– Әскер – жас ұрпақтың ер жету мектебі. Бүгін Абай облысының жастары Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуге аттанып барады. Сіздер – ел қорғаны, тәуелсіздіктің тірегі боласыздар. Әрқайсыңызға мықты денсаулық, қайсарлық пен абыройлы қызмет тілеймін, – деді.

Одан кейін сөз алған Абай облысы қорғаныс істері департаментінің бастығы полковник Руслан Омаров:

– Бүгінгі күні әскерге шақырылып жатқан жастар – біздің болашағымыздың кепілі. Әскер қатарында сіздер тәртіпке, шыдамдылыққа, бірлікке үйренесіздер. Бұл өмір бойы қажет болатын асыл қасиеттер. Барлығыңызға сәттілік тілеймін, – деп атап өтті.

ҚР ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары полковник Анвар Бахтиярович Рахматуллаев өз құттықтауында:

– Шекара қызметінде қызмет ету – үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Жас сарбаздарымыздың патриоттық рухы биік, Отанға адал қызмет ететініне сенемін. Әрқайсысыңыз Қазақстанның бейбітшілігі мен қауіпсіздігін қорғауға лайық үлес қосасыздар, – деді.

“Застава тарландары” республикалық ардагерлер бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы, запастағы подполковник Анарбек Еркінұлы Еркешов де сөз сөйледі. 

– Біз ардагерлер сіздерге үлгі болуға тырысамыз. Шекарашы – елдің қалқаны, халықтың қорғаны. Бүгінгі жас сарбаздар сол дәстүрді жалғастырып, ата-баба аманатына адал болатынына сенемін, – деп жастарға ақ жол тіледі.

Шарада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы салтанатты түрде көтеріліп, Қорғаныс министрлігінің әскери оркестрі патриоттық әуендер орындады.

Сонымен қатар, “Күз-2024” шақырылымында Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздар ефрейтор Алдияр Құсаинов пен Құмарғажы Мерей сөз сөйлеп, өздерінің әскердегі тәжірибесімен бөлісіп, ізін жалғастыратын бауырларына сәттілік тіледі.

Іс-шара соңында ҚР ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаментінде қызмет етіп жүрген қатардағы жауынгер Ерасыл Төлеш патриоттық ән шырқап, жас сарбаздарға рух сыйлады.

Сурет: ҚР ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі

Просмотров (168)
ТопДок 1