Лента новостей

Абай облысының шаңғышысы Қысқы Олимпиада ойындарында ел намысын қорғайды

шаңғышы, Олимпиада, Абай облысы

Шаңғышы Әмірғали Мұратбеков алдағы Олимпиада ойындарында ел намысын қорғайды, деп хабарлайды Arnapress.kz Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Екі аптадан кейін Италияның Милан және Кортина д’Ампеццо қалаларында XXV қысқы Олимпиада ойындары басталады. Бұл дүбірлі додаға Қазақстан атынан 36 спортшы жолдама алды. Олардың қатарында Абай облысының тумасы, Үржар ауданында дүниеге келген шаңғышы Әмірғали Мұратбеков бар.

Қазіргі уақытта спортшы Ұлттық құрама сапында оқу-жаттығу жиынында дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жанкүйерлер мен облыс әкімі Берік Уәли оның алдағы Олимпиада ойындарында ел намысын абыроймен қорғайтынына сенім білдіруде.

Абай өңірінің спортшылары бұған дейін де халықаралық ареналарда жоғары нәтижелер көрсеткен. Төрт бірдей Олимпиада ойындарына қатысқан, Азия ойындарының жеті дүркін чемпионы Оксана Яцкая, Қазақстанның үш дүркін чемпионы, Сочидегі Олимпиадада Қазақстан құрамасының туын ұстаған Ердос Ахмадиев, ҚР еңбек сіңірген спортшысы Галина Вишневская - Шепоренко, Харбиндегі Азиада ойындарының күміс жүлдегерлері Камила Елгазинова мен Кирилл Бауэр сынды спортшылар өңір спортының мақтанышына айналған.

Әмірғали Мұратбеков 2005 жылы Үржар ауданында дүниеге келген. Шаңғы жарысынан Қазақстан Республикасының спорт шебері. 2024 жылы шаңғы жарысынан өткен Қазақстан Республикасы чемпионаттарының жүлдегері атанып, шаңғы роллерінен Әлем кубогінің жеңімпазы болды.

2025 жылы шаңғы жарысынан Әлем чемпионатына қатысып, Қазақстан Республикасының VI Қысқы Спартакиадасында жүлдеге ие болды. Сондай-ақ шаңғы роллерінен Азия кубогінің үш кезеңінде жүлде алып, Қазақстан Республикасы чемпионатының жеңімпазы атанды.

Былтыр 19–28 желтоқсан аралығында Шортанды қаласында өткен Қазақстан Республикасы кубогінде скиатлон (20 шақырым) және масс-старт (30 шақырым) жарыстарында жеңіске жетіп, Италияда өтетін XXV Қысқы Олимпиада ойындарына жолдама алды

Фото: Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі

Просмотров (396)
ТопДок 1