
Жол-құрылыс жұмыстары кезінде жол жабындысы опырылып түсті.
14 қыркүйекте Семей қаласында Ибраев пен Уранхаев көшелерінің қиылысында жол-құрылыс жұмыстары барысында төтенше жағдай орын алды, - деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі.
Жылу торабына жақын маңда жол жамылғысы опырылып, пайда болған шұңқырға көлік жартылай түсіп кеткен. Оқиға кезінде 37 жастағы SHACMAN көлігінің жүргізушісі зардап шеккен жоқ. Материалдық шығын ғана тіркелген.
Жедел жеткен полиция қызметкерлері аумақты қоршап, қауіпсіздік шараларын қабылдады. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталуда.
Абай облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы оқиғаға орнында түсініктеме берді.
"Аталған аймақта 103, 103А қазандығынан "Нива" дүкеніне дейінгі жылу жүйелерінің диаметрін 530 мм-ден 720 мм-ге дейін ұлғайту жұмыстары жүргізілуде. Дәл осы учаскеде асфальт жабындысын қалпына келтіру жұмыстары атқарылып жатқан. Жүк көлігінің жүргізушісі жылу камерасының үстінен өтіп кеткендіктен осындай жағдай болды. Жалпы, қауіпсіздік талаптарын сақтап, жолды айналып өту қажет болатын", – деді басқарманың бас маманы Нұрғасыр Жиенбаев.
Қазіргі таңда апат салдарын жою және жолды қалпына келтіру шаралары жүргізіліп жатыр.
Сурет: Arnapress.kz тілшісі