пятница, 26.04.2019
USD/KZT — 319.19EUR/KZT — 339.01RUR/KZT — 5.5
Бизнес

«Қазпошта» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры: «Франчайзинг» жобасы бойынша облыста қарқынды жұмыстар жүргізілуде

пятница, 28.12.2018
«Қазпошта» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры: «Франчайзинг» жобасы бойынша облыста қарқынды жұмыстар жүргізілуде

Биылғы жыл «Қазпошта» АҚ Атырау облыстық филиалы үшін келелі оқиғалар мен кемел өзгерістерге толы болды. Атап айтқанда, барлық пошта бөлімшелері толықтай автоматтандырылып, заманауи технологиялармен қамтылды. Ескі ғимараттар қайта жөнделді. Кейбір пошта кеңселері халық көп шоғырланған жерлерге көшті. Бұрын-соңды болмаған пошта мұражайы ашылды. Ол пошта тарихынан сыр шертер құнды жәдігерлермен жабдықталып, әрбір тұрғынның пошта тарихымен танысуына жағдай жасады. Бұған қоса, сәлемдемелер супермаркетінің 9-ы, франчайзинг нүктелерінің де 9 орталығы ашылды. Мұның бәрі халыққа сапалы әрі ыңғайлы қызмет етуге септігін тигізіп жатыр. Осындай жағымды жаңалықтар мен оң өзгерістердің барлығын бізге «Қазпошта» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Алтын Бақтыбекқызы Садықова баяндап берді.

Облыстық филиалда биылғы жылы орын алған көрсеткіштерді атап өтесіз бе?

Биылғы жыл біз үшін табысты жыл болды деуге толық негіз бар. Неге десеңіз, былтырғы жылмен салыстырғанда қызмет көрсету өсімі едәуір артып отыр. Яғни, пошталық қызметтер 11 пайызға, қаржылық қызметтер 3 пайызға, ал агенттік қызметтер  болса 4 пайызға өсті. Осы орайда агенттік қызметі бойынша несие беру бекітілген жоспарлар бойынша 100 пайызға орындалуы тиісті болса, биылғы бұл көрсеткіш артығымен 195 пайызға  орындалғанын атап өтуіме болады.

Осы жылы қандай кедергілер орын алды және олармен қалай күрестіңіздер?

Жеткізілім сәлемдемелері сандарының артуы, жеткізілімнің кешіктірілуі, қызмет ұсыну орындарының, поштаны сұрыптау мен қатар тасымалдау бөлімдері, қызмет көрсету нысандарының тұрмыстық жай-күйі сынды мәселелер өзекті болатын. Десе де, поштаны сұрыптау, жеткізу және тасымалдау бөлімдеріне, кейбір пошта байланыс бөлімшелеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, аталған кедергілерді жоюға тырыстық. Мұның бәрі қызметкерлеріміздің ауызбіршілігінің арқасында десем артық айтқандық болмас!

Өңірдегі франчайзинг нүктелері жөнінде айтып өтсеңіз? Қалай жұмыс істеуде? 

«Франчайзинг» жобасы бойынша облыста қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Негізгі көздеп отырған мақсатымыз: байланыс тораптарын ұлғайтып, пошта қызметтерінің қолжетімділігін арттыру. Сондай-ақ  шағын және орта бизнес өкілдерінің қосымша табыс табуына жәрдемдесу. Әрі жаңадан бой көтерген ықшам аудандарда немесе жабылып қалған пошта бөлімшелерін қайта жандандыру арқылы ауқымды аймақтарды пошта қызметімен қамтамасыз ету. Осы ретте өңірімізде ашылған «франчайзинг» торабының көрсеткіші бүгінгі уақытта 9-ға жетіп отыр.  Бұл бойынша жақсы жұмыстар жасап жатқан Құрманғазы ауданының Ганюшкино ауылындағы «Серпер Сауда» ЖШС. Алдағы уақыттарда да бұл көрсеткіштердің артуына облыстық филиал қызметтер атқаратын болады. Кәсіпкерлер тарапынан да үлкен қызығушылық бар. Осыған орай, серіктестерге «Қазпошта» АҚ тарапынан барлық көмектер көрсетілетінін айтқым келеді.

Баршамыз білетіндей, еліміздің кейбір өңіріндегі Қазпошта бөлімшелері дрондар арқылы қызметтерін жеңілдетіп жатыр. Мұның Атырау облысындағы ахуалы қалай?

Пошта жеткілімдерін дронмен жеткізу 2019 жылға жоспарланып отыр. Бастапқыда өңірімізден шалғайлау орналасқан, жол қатынасы нашар Құрманғазы ауданының Сүйіндік, Балқұдық ауылдарына бағытталмақ.

Модернизациялар мен инновациялар бағытында қандай істер атқарылып жатыр?

«Модернизация»  жобасы аясында жаңа технологиялық өзгерістерді енгізе отырып, жөндеу көрмеген нысандарымыз қайта жөнделді. Заманауи қондырғылармен жабдықталынды. Қажетінше мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы жағдайлар жасау қалыс қалмады. Өңір көлемінде 9 пошта байланыс бөлімшесіне жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде: 5 аудан көлемінде, 4 қала көлемінде. Өңірімізде пошта қызметін жақсарту мен жеделдету мақсатында сәлемдемелер супермаркеттері жасақталынды. Бұған қоса, почтаматтар мен төлем териналдары, банкомат құрылғылары толықтырылды.

Жаңа технологияларды пошта қызметкерлері қалай қабылдауда? Олардың технология тілін толықтай меңгерулері үшін қандай жұмыстар жасалып жатыр?

Бұл тұрғыда әрбір қызметкеріміз корпоративтік оқыту орталығы арқылы білім деңгейін арттырып отыр. Сонымен қатар арнайы бағдарламаларды edu.kazpost.kz жүйесі арқылы қашықтықтан оқып, электрондық жүйе арқылы білімдерін тестілеуде. Жоспарланған түрде семинар-тренингтер жүргізіліп, дайындау курстары өткізіледі. Нәтижесінде 2018 жылдың қорытындысы бойынша орта есеппен айына 87 қызметкеріміз 796 рет 19 тақырып бойынша қашықтықтан оқыту курсынан өтіп отыр. Жалпы жаңа технологияларға тез бейімделу әрбір тұтушыға көрсетілетін сапалы жұмыстың нәтижесі екенін басшылыққа алатын қызметкерлеріміз көш жүрісінен қалыспауда.

Сіздің филиалдың ерекшілігін немесе артықшылықтарын атап өтесіз бе?

Алға қойылған жоспарларды уақтылы орындауға тырысамыз. Сәлемдемелерді де дер кезінде жеткізу үшін жексенбі күндері де қызметкерлеріміз қызмет етеді. Осындай жауапты әрі білікті мамандарымыз үлкен марапатпен марапатталып жатыр. Сондай-ақ жаңадан бой көтерген орталықтарымызға жергілікті жұртшылық өз ризашылықтарын білдіруде. Біздің де мақсатымыз осы. Халыққа ыңғайлы және сапалы қызмет ұсынсақ дейміз!

Бизнес

Страницы: